Алматы облысында зираттың құлыптастарын сындырған күдікті ұсталды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Видеода 6-7 зират басындағы ескерткіш құлыптастардың қирағаны туралы айтылады / Фото: видеодан кадр, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы облысы Көлсай көліне жақын орналасқан Саты ауылында зираттарды қиратқан адам ұсталды. Ауыл тұрғыны «дінге қайшы» деген желеумен марқұмдардың басына қойылған құлыптастарын талқандап тастаған. Бұл жайында журналист Диас Нұрақын әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, Саты ауылында соқыр сенім кезіп жүр. Ер адам ерсі қылығымен тұрғындардың ашу-ызасын тудырған.

«Осы ауылдың бір жігіті «дінімізге қайшы» деген желеумен зиратты талқандап тастапты. Өлген адамдардың құлыптастарын қиратып, жан-жаққа лақтырып кеткен. Жақындарының қабірі қорланғанын көрген аядай ғана ауыл тұрғындары ашулы», – деп жазды ол.

Тик-ток имамдар мен уағызшыл ұстаздардың кесірі…

Диас Нұрақын әсіредіншілердің кесірінен ел арасына іріткі түсетінін де жазған. 

«Бір есерсоқ бүтін бір ауылдың берекесін қашырады. Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді. Мұның бәрі тик-ток имамдардың, уағызшыл ұстаздардың кесірі. Бір ғана кітап оқып алған, көкірегі соқыр адамдар соларға сеніп, асыл дінімізді ластап бітті»,– деп мәлімдеді Нұрақын.

Видеода 6-7 зират басындағы ескерткіш құлыптастардың қирағаны туралы айтылады. Оның сынған қалдықтарын жан-жаққа шашып тастағанын да көруге болады.

«Ішінде құран жазулары да бар,  қойылған бас суреттері бар. Кәдімгідей кубалдымен  ұрып сындырған.  Өмірден өткен жақындарымызды қорлау ма, әдейілеп тұрып  шашқан», дейді видео авторы.

Алматы облысы Полиция департаменті  бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.  Департамент вандализм дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелгенін атап өтті.

«Күдікті ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік желілерде тараған, күдіктінің салафизмнің діни ағымына қатысы бары туралы ақпарат алдын- ала тексеріс барысында расталмады. Тергеу аяқталғанға дейін мерзімінен бұрын қорытынды жасаудан және тексерілмеген мәліметтерді таратудан бас тартуды сұраймыз», – деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ оқыңыз