«Көшеге шығуға, жарық жағуға болмайды». Балиде «үнсіздік күні» қалай өтеді

Жарияланды 29 Наурыз 2025 11:15

Динара Тілеубек

Динара Тілеубек

Ньепи деп аталатын мерекеде Бали аралы қаңырап бос қалады/Фото: shutterstock

29 наурыз таңғы 6:00-ден 30 наурыз таңғы 6:00-ге дейін Индонезияның Бали аралында «Үнсіздік күні» болады. Жергілікті тілде Ньепи деп аталатын бұл мерекеде арал қаңырап бос қалады, тұрғындар мен туристерге көшеге шығуға, үйде жарық жағуға тыйым салынады. Тәртіп бұзғандар айыппұл төлейді. Адамдар 24 сағат бойы қараңғыда және тыныштықта отырады. 

Бұл не қылған біртүрлі мереке?

Ньепи — индуистік мереке, жергілікті жаңа жыл. Бұл күні — аралда ресми демалыс, бірақ ешкім қыдырып, достары мен туыстарын аралап, көңіл көтермейді. Бәрі үйде отырады. Дүкендер, мейрамханалар мен ойын-сауық орындары жұмыс істемейді, көшеде жарық сөнеді, аралда түгел тіршілік тоқтайды. 

Төтенше жағдай бола қалса, жедел-жәрдем мен өрт сөндіру көлігіне ғана жүруге рұқсат берілген.

Сыртта тек печаланг деп аталатын күзетшілер ғана жүреді, олар ешкімнің көшеге шықпауын, Ньепи талаптары бұзылмауын қадағалайды.

Индонезия — діни мерекеге байланысты әуежайын жауып тастайтын жалғыз мемлекет. Балидегі Нгурах Рай әуежайы Ньепи аяқталғанша 24 сағатқа жабылады. Бұл күні аралға ұшақ қонбайды, ішкі және сыртқы рейстер тоқтатылады.

Бали жаңа жылын тойлау 4 кезеңнен тұрады: 

Меласти — Ньепиге 3-5 күн қалғанда жергілікті халық мұхит, өзен-көлге барып, судың көмегімен ойы мен денесін жамандықтан тазартады.

Мэчару — Ньепиге бір күн қалғанда табиғат, Құдай мен адам арасында тепе-теңдік орнату үшін құрбандық шалып, құлшылық жасайды. Әйелдер тамақ пісіріп, есіктің алдына сыйтабақ қояды. Бұл — зұлым рухтар өздеріне ұсынылған сыйдан дәм татып, үйге кірмесін, тамаққа тойып, аралдан кетіп қалсын деген ниет.

Сол күні кешке Ого-ого шеруі өтеді. Балиліктер бамбук пен матадан тігілген зұлым рухтардың мүсінін көтеріп, әндетіп, билеп, аралдан жамандық атаулыны қуады. Халық қатты шу ібілісті үркітеді деп сенеді, сондықтан ыдыстарды ұрып, барабанда ойнап, отшашу шашып, аралды басына көтереді. Соңында құбыжық мүсіндерді өртейді.

Ертеңіне Үнсіздік күні — Ньепи басталады. 

Бір тәулік бойы арал тұрғындары мен қонақтары мына талаптарды сақтауы керек:

  • Жарық жағуға болмайды. Шам жақсаңыз, сыртқа жарық түспеуі үшін терезені қалың пердемен тұмшалау керек. Кей аудандарда мемлекет жарық пен интернетті өшіріп тастайды.
  • Тамақ істеуге болмайды. Балиліктер бұл күні көбіне ораза ұстайды. Туристер алдын-ала 24 сағатқа жететін ас-су, қажет заттарын алып қойғаны жөн. 
  • Жұмыс істеуге болмайды. Осы себептен аралдағы барлық бизнес жабық тұрады. Ньепиді құлшылықпен, медитациямен өткізу керек. Бұл күні шаруаларға, телефон, гаджет, теледидар мен музыкаға орын жоқ.
  • Саяхаттауға, сыртқа шығуға болмайды. 
  • Ойын-сауық пен шуға тыйым салынады. Туристер қонақүйлер мен виллаларда қала береді, бірақ жергілікті мәдениетке құрмет көрсетіп, тыныштық сақтауы керек.

Ньепи күні табиғат адамдардан демалады. Ауа тазарады, жұлдыздар айқын көрінеді. Арал көшелері қалың кептелістен арылып, шу басылады. Бұл мерекенің мәні — табиғатты үздіксіз пайдалануды бір сәтке тоқтатып, қоршаған ортаға адамның әрекетінен көрген зардабынан айығуға мұрша беру.

Бали күнтізбесі бойынша, жаңа жыл Ньепиден басталатындықтан, жергілікті халық бірнеше кезеңнен тұратын тазару процесінен өтіп, соңын үнсіздікте отырып, жүрегіне үңілумен, санасын артық шудан арылтумен түйіндейді. 

Тағы бір наным бойынша, халық «Ньепи күні аралды зұлым рухтар аралап жүреді. Олар көшеде ешкімді көрмесе, мұнда тірі жан қалмаған екен деп, аралдан біржола кетіп қалады. Сондықтан көшеге шықпау керек» деп сенеді.

Үнсіздік күнін қалай өткізетініңізді жоспарлау керек

Ньепи кезінде Балиде болсаңыз, үнсіздік күнін қалай өткізетініңізді жоспарлау керек. Кітап оқу, арман-тілек жазу, мақсаттарыңызды айқындау, йога жасау, медитация, миды тынықтыру, ойларыңды реттеу, сезімдеріңді түсінуге тырысу сияқты өзіңізге ұнайтын шаруалар тізімін жасап алыңыз. Үнсіздік концепциясы мүлде ұнамаса, мерекеден бұрын Индонезияның Ньепи тойланбайтын басқа аралдарына кетіп қалуға болады. 

Ньепидің ертеңіне Балидегі қозғалыс, қалыпты тіршілік қайта оралады. Жергілікті халық жақындарын аралап, бір-біріне қонаққа барып, жасаған қателіктері үшін кешірім сұрайды. 

Осы күні Балидің оңтүстігіндегі Сесетан ауылында Омед-омедан деген қызық рәсім өтеді. 17-30 жас аралығындағы басы бос қыздар мен жігіттер көшенің екі жағына тізіліп тұрады. Арнайы дауыс белгісінен кейін халық жан-жақтан жастарды бір-біріне қарай итере бастайды. Соқтығысып қалған қыз-жігіт бір-бірін сүюі керек. Қаумалаған жұрт сүйіскен жұпты байқап қалса, үстіне мұздай су құяды. 

Осындай ерекше мерекеге куә болғыңыз келсе, келер жылы 19 наурызда Балиде болуыңыз керек. Саяхатыңызды мерекеден бірнеше күн бұрын аралда болатындай етіп жоспарласаңыз, Бали жаңа жылының бар қызығын көріп үлгересіз. 

Сондай-ақ әлем аралаудың тағы бір ерекше форматы — фестивальдерге бару. Мұндай саяхат жергілікті халықтың мәдениетімен тереңірек танысуға, барған еліңізді ең көрнекі, мың бояулы күйінде танып-білуге, мерекелік көңіл-күй сезінуге, ең жарқын естеліктер жинап қайтуға мүмкіндік береді

Сондай-ақ оқыңыз