Ең арзан Hyundai: қанша тұрады және несімен ерекшеленеді?

Жарияланды 29 Наурыз 2025 14:19

Еңлік Нұрболат

Еңлік Нұрболат

автор
Ең арзан Hyundai бағасы қанша? / Фото: ашық дереккөз

Hyundai тиімді баға мен заманауи технологияларды үйлестіретін кореялық бренд. Компания көліктердің түрлі модельдік қатарын ұсынады. Оған шағын қалалық көліктерден бастап, отбасылық седандар мен кроссоверлер кіреді. Бұл шолуда әлемдегі ең арзан Hyundai қанша тұратынын, Қазақстанда ресми сатылатын ең арзан Hyundai модельдерін, олардың сипаттамалары мен ерекшеліктерін қарастырамыз.

Қазақстандағы ең қолжетімді седандардың бірі

Hyundai Accent — бұл Қазақстандағы ең қолжетімді седандардың бірі. Ол үнемділігі, сенімділігі және стильді дизайнымен ерекшеленеді. Модель 1,6 литрлік 123 ат күшіне тең бензин қозғалтқышпен жабдықталған, механикалық немесе 6 сатылы автоматты беріліс қорабымен қамтылған. Жанармай шығыны 6-7 л/100 км аралығында. Бұл «халықтық» көліктің салоны кең, мультимедиалық жүйе мен заманауи қауіпсіздік технологиялары да орнатылған. Бұл ретте Қазақстандағы жылы жаңалау 2-3 жыл ғана тізгінделген Accent бағасы 6 000 000 теңгеден басталады.

Сәнді және үнемді көлік

Hyundai Elantra — орташа санаттағы седан, оның салоны кең. Көліктің ішкі дизайнында заманауи технологиялар мен сәнді әрлеу үйлесім тапқан. Авто осы қырымен де ерекшеленеді. Седан 2,0 литрлік 150 ат күшіне тең қозғалтқышпен жабдықталған және 6 сатылы автоматты әрі классикалық беріліс қорабы орнатылған. Жанармай шығыны 100 шақырымға шамамен 7-8 литр.

Elantra базалық жиынтығында климат-бақылау, заманауи мультимедиалық жүйе және қауіпсіздік жүйелері бар. Автоның кейінгі дизайны тіпті әдемі. Алайда бір кемшілігі сол – асты аласа. Алматыдан шыға бере темір тұлпардың астын тау-тасқа соғып алмай, сақ болу керек. Қазақстандағы су жаңа Hyundai Elantra бағасы 10 990 000 теңгеден басталады. Әлбетте «сұр нарықта» Қытайдан әкелінген арзан түрлері кездеседі. Алайда олардың сапасына ресми диллерлік орталық кепілдік бермейді.

Шағын әрі бағасы тиімді кроссовер

Hyundai Creta — бұл дизайны мен бағасы үйлескен ықшам кроссовер. Модель 1,6 литрлік 123 ат күшіне тең бензин қозғалтқышпен жабдықталған, оған екі түрлі – механикалық және автоматты беріліс қорабы орнатылған нұсқаларымен ұсынылған. Creta жайлылық пен заманауи технологияларды ұсынады, соның ішінде қауіпсіздік жүйелері мен мультимедиалық функциялары да бар.

Қазақстандағы Hyundai Creta бағасы 12 490 000 теңгеден басталады. Алайда қазір диллерлік орталықтан бұл автоны кездестіру қиын. Ал жаңа шыққан нұсқасы әлі елге жеткізілмеген. Бірақ оны қайталама нарықтан сатып алуға болады.

Қазақстанда ең көп сатылатын көліктердің бірі

Бұл Hyundai Tucson. Көлемі орташа кроссовердің салоны кең, дизайны әдемі және жоғары технологиялық мүмкіндіктерімен ерекшеленеді. Модель 2,0 литрлік 150 ат күшіне тең бензин қозғалтқышпен жабдықталған және 6 сатылы автоматты беріліс қорабы көмегімен жүреді. Жанармай шығыны 100 шақырымға 7-9 литрді құрайды.

Tucson сандық аспаптар панелімен, сенсорлық дисплеймен және жүргізушіге арналған көмекші жүйелермен жабдықталған. Қазақстандағы рестайлингтік жап-жаңа Hyundai Tucson бағасы 15 290 000 теңгеден басталады. Қайталама нарықтан «сұр диллерлер» ұсынатын автолар кездеседі. Бірақ олар аз.

Бизнес-санатындағы седан

Hyundai Sonata — салоны кең бизнес-санатындағы седан. Ол 2,5 литрлік 180 ат күші болатын бензин қозғалтқышпен жабдықталған. Сонымен қатар 6 сатылы автоматты беріліс қорабы орнатылған. Жанармай шығыны 100 шақырымға 8-9 литр шамасында.

Sonata интерьерінде былғары, премиум акустика және кең мультимедиалық жүйе қолданылады. Қазақстандағы Hyundai Sonata бағасы 14 990 000 теңгеден басталады. Диллерлік орталықтан жаңасын да, қайталама нарықтан тізгінделгенін де табуға болады.

Шағын хэтчбек

Hyundai i30 — қалалық жұмыс пен үй арасында қатынауға ыңғайлы ықшам хэтчбек. Ол 1,5 литрлік 110 ат күшіне сай бензин қозғалтқышпен жабдықталған және 6 сатылы механикалық немесе автоматты беріліс қорабтары орнатылған нұсқалары бар. 100 шақырымға 5-6 литр жанармай жағады. i30 заманауи мультимедиалық жүйесімен, жайлы салонымен және үнемділігімен ерекшеленеді. Қазақстандағы Hyundai i30 бағасы 9-10 000 000 теңгеден басталады. Көлік іздеу жүйелерінде 2023-2022 жылы құрастырылған түрлерін кездестіруге болады.

Сирек кездесетін қалалық кроссовер

Hyundai Venue — ықшам қалалық кроссовер, ол стильді дизайнымен және үнемді қозғалтқышымен ерекшеленеді. Модель 1,6 литрлік 123 ат күші болатын қозғалтқышпен жабдықталған, механикалық немесе автоматты беріліс қорабтары бар нұсқаларын кездестіруге болады. Жанармай шығыны 100 шақырымға 6-7 литр.

Venue кең мультимедиалық мүмкіндіктерімен және сенімді қауіпсіздік жүйелерімен жабдықталған. Қазақстанда диллерлік орталықтардан бұл көліктің жаңасын таппайсыз. Ал қайталама нарықта Hyundai Venue бағасы 8-9 000 000 теңгеден басталады. Алматыда 2022-2020 жылдары шығарылған бар болғаны 4 көлік сатылып тұр.

Кореялық сапа мен тиімді баға

Hyundai Bayon — бұл қалаға арналған шағын кроссовер, ол заманауи интерьерімен және ерекше сыртқы дизайнымен көз тартады. Модель 1,4 литрлік қозғалтқыш және 6 сатылы механикалық немесе автоматты беріліс қорабымен жабдықталған. Жанармай шығыны 100 шақырымға 5-6 литр. Bayon цифрлық аспаптар панелімен және жан-жақты мультимедиалық жүйемен қамтылған. Қазақстандағы жаңа Hyundai Bayon бағасы 8-9 000 000 теңгеден басталады.

Үнемшілдерге арналған темір тұлпар

Hyundai Exter —қалада жүруге ыңғайлы ықшам кроссовер. Модель 1,2 литрлік 83 ат күшіне тең қозғалтқыш және механикалық немесе роботтандырылған беріліс қорабымен жабдықталған. Жанармай шығыны 100 шақырымға 5-6 литр.

Exter заманауи қауіпсіздік жүйелерімен ерекшеленеді. Қазақстан жолдарынан бұл көлікті кездестірмейсіз. Автокөлік моделі 2023 жылы қалың көпшілікке таныстырылған. Алайда неге екенін Қазақстанға әлі жеткізілмеген. Шетелде Exter бағасы 7 200 000 теңгеден басталады.

Қазақстанда кездеспейтін көлік

Hyundai Grand i10 — ықшам хэтчбек. Қала ішінде қатынауға ыңғайлы көлік. Модель 1,2 литрлік 83 ат күшіне тең қозғалтқыш және 5 сатылы механикалық немесе автоматты беріліс қорабымен жабдықталған. Жанармай шығыны 100 шақырымға 5-6 литр. Grand i10 жанармай үнемдеу жағынан тиімді, ықшам өлшемдерімен ерекшеленеді. Қазақстанда Hyundai Grand i10 көлігі ұсынылмаған. Кей-кейде қайталама нарықта кездесіп жатады.

Hyundai түрлі бюджетке сай келетін көптеген модельдерді ұсынады:

  • Қала үшін: Hyundai Accent, i30, Grand i10, Exter
  • Отбасы үшін: Hyundai Elantra, Sonata
  • Белсенді демалыс үшін: Hyundai Creta, Tucson
  • Жастар үшін: Hyundai Venue, Bayon

Барлық модель заманауи технологиялармен жабдықталған, қауіпсіз деп саналады. Әлбетте бұл марканың да өзіндік кемшіліктері бар. Бірақ қытайлық көліктерге қарағанда уақыт тезінен өткен, Қазақстан жолдарында сапасы сыналған. Сондықтан таңдау әр адамның жеке қажеттіліктеріне, бюджетке және өмір салтына байланысты.

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2025 жылғы қаңтар-ақпанда Қазақстандағы зауыттар жалпы құны 278,3 млрд теңгеге 20 мыңнан астам автокөлік өндірді. Оның ішінде Алматыдағы Hyundai зауыттарының үлесі бар. 2025 жылдың алғашқы екі айында зауыт 8 536 жеңіл, коммерциялық авто шығарды.

Еске сала кетсек, Қазақстанның автокөлік одағы 2024 жылдың қорытындысы бойынша аталған брендті нарық көшбасшы деп таныған еді.

Сондай-ақ оқыңыз