Air Astana ұшағында техникалық ақау болғанын растады

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің тілшісі
Air Astana ұшағы Алматы әуежайына қайта оралған./фото: KursivMedia мұрағаты
Air Astana ұшағында ақау шығып, Алматы әуежайына қайта оралған/фото: KursivMedia мұрағаты

Air Astana ұшағында техникалық ақау байқалып, Алматы әуежайына қайта қонуға мәжбүр болғанын аталған әуекомпаниясы растады.

Әңгіме Алматы-Нячанг бағытындағы К193 рейсі туралы болып отыр. Оқиға 28 наурыз күні болған.

Ұшақтың қандай ақауы болған?

Air Astana ұшағы техникалық себептерге байланысты Алматы қаласындағы әуежайға қайтқан. Бұған гидравликалық жүйедегі қысымның төмендеуі себеп болған.

«Рейс күткен уақыт ішінде жолаушыларға ыстық тамақ пен сусындар ұсынылды. Қалауы бойынша трансфер мен қонақүйде тұру мүмкіндігі де қарастырылды. Жолаушылар таңертеңгі сағат 07:15-те басқа ұшақпен өздерінің мақсатты пунктіне жіберілді», – деп хабарлады Air Astana әуекомпаниясының баспасөз қызметі.

Сонымен қатар рейсінің кешігуі үшін жолаушылардан кешірім сұраған.

SCAT жолаушылары бірнеше сағат күткен

krisp_almaty мәліметінше, Вьетнамға ұшуы тиіс КС193 рейсі бірнеше сағат бойы қала үстінде айналып ұшқан. Соңында ұшақ қайтадан әуежайға оралған. Жолаушылар туристік турларының күйіп кетуіне алаңдаған.

Ал SCAT жолаушыларының жағдайы тіпті қиын болған көрінеді. Олардың 01:35-ке жоспарланған рейсі бірнеше рет кейінге шегерілді. Бұған да ұшақтың бұзылуы түрткі болған.

«Әр сағат сайын ұшуға уәде етеді. Ұшақты жөндеп жатқанын айтады, бірақ оны ауыстыратын ұшақ жоқ. Мұнда 200 адам, балалар да бар, бәрі шаршады. Жеті сағаттан бері күтіп отырмыз. Тамақ та, ұйықтайтын жер де жоқ. SCAT өкілдері нақты ештеңе айтпайды. Тек суық тағам берді», — деп шағымданды жолаушылар.

Кейбіреулер ұшақта күйген иіс сезілгенін айтты. Әуекомпания мәселені шешуге уәде берген.

Мұның алдында Air Astana ұшағы Ақтау әуежайына қайта оралып қонды. Әуе кемесінің қозғалтқышы аспанда сөндірілген еді. Себебі оның майы төмендеп кеткен.

Сондай-ақ оқыңыз