Тоқаев Мирзиёевтің аймақ дамуына қосқан үлесін атап өтті

Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің Алматыға сапармен келгеніне ризашылық білдірді.
Мұндай бейресми кездесулер жақсы дәстүрге айналғанын айтты.
Ақорданың мәліметінше, Қазақстан президенті Шавкат Мирзиёевтің Орталық Азиядағы ортақ мүдде үшін жасаған еңбегіне жоғары баға берді.
«Бұл – бауырлас, достас мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмысты іскерлік сипатта тағы бір талқылауға орайлы сәт. Біз – одақтас елдерміз. Екі ел арасындағы ықпалдастық тұтас Орталық Азия өңіріндегі жағдайға тікелей әсер етеді», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы бауырлас халықтарды жақындастыруға, аймақтың орнықты және қауіпсіз дамуындағы ортақ мақсаттарды ілгерілетуге Шавкат Мирзиёевтің зор үлес қосқанын атап өтті.
Мұның алдында екі мемлекет басшылары Медеу мен Шымбұлаққа барған еді.