Жамбыл облысындағы жер сілкінісінен қазірге дейін 14 ғимарат бүлінгені анықталды

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің тілшісі
Жамбыл облысындағы жер сілкінісінен бүлінген үйлер әлі анықталып жатыр./фото: gov.kz

Жамбыл облысындағы жер сілкінісі кезінде 14 ғимарат ішінара бүлінген. Бұлардың дені – мемлекеттік мекеме нысандары.

Басқа ғимараттардың анықтау, зерделеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұлар қандай нысандар?

Жамбыл облысының әкімдігі мәліметінше, Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында бүлінген 14 әлеуметтік ғимарат ішінде 9 білім беру, 2 денсаулық сақтау, 1 әлеуметтік қорғау, 1 спорт және 1 мәдениет нысаны бар.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев аталған аудандарындағы зілзала салдарын жою үшін жедел штаб отырысын өткізген. Жиында аудан әкімдері есеп берді.

Үкіметтік жұмыс тобы келді

«Мемлекет басшысы өңірдегі жағдайды жеке бақылауында ұстап отыр. Президент әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті көмек көрсетуді жүктеді», – деді Ербол Қарашөкеев.

Әкімінің айтуынша, Премьер-Министр бұйрығымен Төтенше жағдайлар вице-министрі бастаған үкіметтік жұмыс тобы облысқа келген.

Аудан әкімдері ауылдарды аралайды

«Тұрғындардың қауіпсіздігі бәрінен маңызды, – деді Жамбыл облысының әкімі.

Ербол Қарашөкеев аудан әкімдеріне ауылдарды аралап, жағдайды көзбен көріп, барлап, тұрғындарға  психологиялық көмек беруді тапсырды.

Айта кететін жайт, 2025 жылы 28 наурызда Жамбыл облысы мен оның орталығы Тараз қаласында жер сілкінді.  Меркі ауданында – бес балл, Рысқұлов ауданында – 4 балл, Тараз қаласы мен қалған аудандарда – 2 балл тіркелді.

Сондай-ақ оқыңыз