
Заманауи өмірде қарым-қатынас құру мен эмоцияларды басқара білу дағдысы интеллектуалдық қабілеттермен тең бағаланады. Эмоционалдық интеллект (EQ) адамға өзін және өзгелерді жақсы түсініп, қарым-қатынас құруды жеңіл етіп, мансапта жетістікке жетуге көмектеседі. Ол біздің стресті қалай қабылдайтынымызға, дау-дамайды қалай шешетінімізге және мақсатқа жету үшін өзімізді қалай қамшылайтынымызға әсер етеді.
Ақыл әлде эмоция – қайсысы маңыздырақ? Неліктен біреулер қины жағдайды оңай шешіп, айналасымен қарым-қатынас құруда да қиналмайды, ал енді біреулер үшін бұл қиынның қиыны? Мұның басты сыры – эмоционалдық интеллект. Бүгінгі мақаламызда EQ деген не екенін, оның қалай дамытуға болатынын және оның жұмыс пен күнделікті өмірде қандай рөлі бар екенін талдаймыз.
Эмоционалдық интеллект деген не?
Эмоционалдық интеллект (EQ) — адамның өз эмоциясын танып түсініп, басқара алу және сөйлескенде және шешім қабылдағанда өзгелердің де эмоциясын есепке ала алу қабілеті. Бұл терминді алғаш болып 1964 жылы Майкл Белдок енгізді, алайда термин Питер Словей мен Джон Мейердің зерттеу жұмысының арқасында тек 1990 жылы танымал бола бастады. Сонымен қатар 1995 жылы жарық көрген Дэниел Гоулманның мақаласы да бұл ұғымның маңызын арттыра түсті. Гоулман адамның жетістікке жетуіне жоғары дәрежелі IQ-ға қарағанда EQ көбірек рөл ойнайтынын баса айтады.
EQ мен IQ арасында қандай айырмашылық бар?
IQ интеллект логикалық ойлау, талдау және қиын тапсырмаларды шешу қабілетіне қатысты айтылады. Ал эмоционалдық интеллект (EQ) – эмоцияны бақылау, әлеуметтік ортаға бейімделу және қарым-қатынас құруға қатысты ұғым. IQ-ға қарағанда EQ-ді кез келген жаста дамыта беруге болады. Жоғары EQ қарым-қатынас құруды жеңілдететіндектен, тек кәсіби ортада емес, күнделікті өмірде де көп көмектеседі.
Эмоционалдық интеллектінің бірнеше негізгі элементі бар. Соның біріншісі – өз-өзіңді тану. Бұл – адамның өз эмоцияларын танып, оның шығу себебін және оның іс-әрекетіне қалай әсер ететінін түсіне алуы. Бұл қабілет адамға болған оқиғаны дұрыс бағалап, эмоция үстінде асығыс шешім қабылдаудан сақтайды. Мұндай адамдар стреске түссе, жағдай қалай қиындап кетуі мүмкін екенін бағамдай алатындықтан, мұнымен қалай күресу керек екенін де біледі.
Екінші маңызды қабілет – өз-өзіңді басқару, яғни эмоцияны басқарып, дау-дамай кезінде стреске бой алдырмау. Бұл артық ұрысқа ілікпей, ментал саулығыңызға қамқор болуға көмектеседі. Бұл қабілетті шыңдау, әсіресе, көшбасшыларға, жетекшілерге көп пайда әкеледі.
Эмпатия – бұл да негізгі қасиеттердің бірі. Себебі өзгелердің эмоциясын сезе алу адамға олардың көзқарасын жақсырақ түсінуге көмектеседі. Үйлесімді әңгіме құрып, сәтті келіссөз жасау үшін эмпатияны маңызы зор. Ол түсініспеушілікке бой алдырмауға, отбасында немесе ұжымда сенімге негізделген қарым-қатынас құруға көмектеседі.
Мотивация адамның мақсатқа жетуге ұмтылуы да өзінше маңызды. Мұндайда адамға сыртқы жағдайлар қатты әсер етпейді. Мотивацияның жоғары болуы кәсіпте де, жеке өмірде де жетістікке жеткізеді. Ал EQ жоғары адамдар тек өзін емес, өзгелерді де қамшылап, мотивация бере алады.
Эмоционалдық интеллект қарапайым өмірде қалай көрініс табады
Эмоционалдық интеллекті шыңдау үшін оның не үшін қажет екенін, оның өмірді қолайластыруға қалай әсер ететінін мысал негізінде түсіндіріп көрейік.
Жұмыста: EQ жоғары жетекші жұмыста қызметкерлерін қолдап, оларға мотивация беріп, әріптестері арасындағы кикілжіңді оңай шешіп, ұжымда сау қарым-қатынас орнауын қамтамасыз етеді әрі мұндай ұжымның жұмыс да өнімдірек болады.
Отбасыда: Эмоционалдық интеллекті жоғары ата-ана сабыр ете алады әрі баласының эмоциясын жақсы түсініп, оған қиындықтан шығуға көмектеседі, баласымен сенім билейтін сау қарым-қатынас құра алады және баланың психологиялық тұрғыда сау болып өсуіне ықпал етеді.
Достар арасында: Эмоционалдық интеллекті жоғары адам досының көңі-күйі бұзылғанын, көңілінде қаяу барын бірден байқап, достықтарын нығайта түсуге ықпал ететін әрекет жасайды. Мысалы, ол сол сәтте бірден оны қолдап, қол ұшын созуға ұмтылады.
Сауда және қызмет көрсету саласында: EQ деңгейі жоғары саудагер клиенттің қажетін бірден ұғып, оған кеерк дүниені көп уақыт жоғалтпай ұсынып, табысқа кенеледі. Қажетін дереу жапқанына қуанған клиенттің компания жайлы ойы да түзу болады.
Дау-дамайлар: EQ деңгейін дамытқан адам ұрыс кезінде тек өзінің эмоцияларын бақылап қоймай, басқа адамның да сабасына келуіне көмектесіп, уақыт жоғалтпай ортақ шешім табуға тырысады.
Эмоционалдық интеллектіні қалай дамытамыз?
Эмоционалдық интеллектіні бір рет сабақ оқып алып, жақсартып аламын деп ойлау – қате. Оны үнемі шыңдап отыру қажет. Бұл үшін қарапайым күнделікті әдеттерді қолға алу жеткілікті. Мысалы, мынадай практикалық жаттығулар бар.
Бірінші кеңесіміз – эмоцияларыңызды жазып отыратын күнделік бастау. Эмоциялар күнделігіне күн сайын болған оқиғалар мен ол оқиға сізге қандай сезім сыйлағанын жазып отырыңыз. Бұл практика сізге өзіңізді жақсырақ түсінуге және эмоцияңызды бақылауға көмектеседі.
Медитация да – жақсы амал. Бұл стресті азайтуға әсер етеді. Ал стрестен ада адам ақылға қонымсыз әрекетке бара бермейді.
Белсенді тыңдау тәжірибесін қолға алып көріңіз. Досыңызбен немесе өзге де адамдармен әңгімелесіп, бастысы оны тыңдап, оған көңіл бөліп, оның эмоцияларын талдап, жауап бергенде де оның сезімдерін ескере отырып жауап беруге дағдыланып көріңіз. Бұл қарым-қатынастың сапасын жақсартады.
Кері байланыс сұраудан қысылмаңыз. Айналаңыздағылардан өз мінез-құлқыңыз туралы сұрастырып көріңіз, бұл EQ-іңіздің қай аспектілерін жақсарту керек екенін білуге көмектеседі.
Сонымен қатар эмоцияңызды басқаруды үйреніңіз – келіп тұрған эмоцияны басып тастап, іште тұншықтырғанның орнына, оны үзетуді үйреніңіз. Эмпатия қабілетіңізді дамытып, жағдайға өзгелердің көзімен қарауды үйреніңіз. Адамдармен сөйлесуді, оларды тыңдауды үйреніңіз. Стресске төзімді болыңыз. Айтсақ, сенбейтін шығарсыз, бірақ бұл қабілетті де шыңдауға болады. Ол үшін спортпен шұғылданыңыз, тыныс алу жаттығуларын жасаңыз және ең бастысы, ұйқы режиміңізді ретке келтіріңіз.
Эмоционалдық интеллектінің кәсіп пен жеке өмірдегі маңызы қандай?
Жоғарыда атап өткеніміздей, эмоционалдық қабілетті дамытудың қазіргі замандағы маңызы зор. Бұл сау қарым-қатынас құруға, жетістікке жетуге, тіпті бай болуға да көмектеседі. Бізді стрестен сақтайды, демек, деніміздің сау болуында да эмоционалдық интеллектінің біршама үлесі бар. Сондықтан ментал саулығыңызға зақым келтірмей, үйлесімділікте өмір сүріп, айналаңызбен жақсы қарым-қатынаста болуды және жетістікке жеткен маман болуды қаласаңыз, бүгіннен осы қабілетіңізді шыңдауды қолға алғаныңыз дұрыс. Себебі бұл –біздің өмірдің барлық саласында жеңіске жетелейтін басты кілт.