K-POP жұлдыздары, Ne prosto Orchestra мен TyndaMusic – алдағы аптада қандай қызық мәдени іс-шаралар өтеді

Жарияланды 30 Наурыз 2025 12:14

Айшолпан Керім

Айшолпан Керім

Фонограммамен ән айтуға тыйым
K-POP жұлдыздары, Ne prosto Orchestra мен TyndaMusic – алдағы аптада қандай қызық мәдени іс-шаралар өтеді? / Фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алдағы аптада Алматыға әйгілі EXO тобының бір вокалисі келеді. Ал алматылық әртістер еліміздің өзге өңірлерінде концерт өткізеді. Енді бір артист бұрын соңды болмаған коллаб жасап, тыңдарманын таңғалдыруға асық. Түсінгеніңіздей, алдағы апта жарқын эмоцияға, таңғажайып іс-шараға толы болғалы тұр. Kursiv Media ең қызық іс-шаралардың тізімін әзірледі.

«Тойы көп үй» қойылымы – Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры

Алматы қаласы, 1 сәуір

Қаланың қым-қуыт тірлігінен шаршап, рухани демалысты қажет етіп жүрген болсаңыз, әрине, нағыз руханият ордасы – театрға асығыңыз. Алдағы аптаға қойылым көп. Бірақ асықпасаңыз, көбі әлден-ақ аншлаг болып жатыр. Сіз әлі де билет алып үлгеруіңіз мүмкін тамаша бір қойылым «Тойы көп үй» деп аталады. Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының ұжымы сахналайды. Режиссері – Мұрат Ахманов. Түрлі отбасылық мәселе қозғалатын, мұң мен ащы күлкі аралас қойылым көрерменді ойландырмай қоймайды.

Жұбайлық өмір, ата-анаға құрмет, жастардың қарым-қатынасы, перзент сүю мәселесі – бәрі-бәрі күнделікті қоғамда болып жатқан жәйт.

Баста бар қиындықтарды еңсерудің жолы қандай? Кейбір келеңсіз сәттерден қалай шығуға болады? Осы және осы секілді түрлі сауалға жауап іздейтін бұл сахналық туынды сізге де ой салары анық. 

Баққожа Мұқай жазған осы бір қойылымды бір көруге, ал бұған дейін көріп қойған болсаңыз, қайталап көруге кеңес береміз. Себебі театр қойылымын әр көрген сайын жаңа әсер аласың, бұл – шындық. Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.

HIRO and NE PROSTO ORCHESTRA 

Алматы қаласы, 4 сәуір

Бұл көпшілік үшін күтпеген коллаб болғаны анық. Бірер күннен кейін Қазақстанда тұңғыш рет рэп музыка мен симфониялық оркестр үнін біріктіретін таңғажайып концерт өтеді. Бұл күні рэп әлемінің аңызына айналған Hiro мен еліміздегі ең танымал оркестр NE PROSTO ORCHESTRA «күш» біріктіріп, өнерсүйер жұртшылыққа мүлдем өзгеше формат ұсынбақ.

Иә, иә, түсінгеніңіздей кеште HIRO өзінің танымал хиттерін оркестр сүйемелдеуімен орындап береді. Бұл бірегей жоба рэптің қуатты драйвы мен симфониялық музыканың ғажап сұлулығын бірлестіріп, ұмытылмас әсер сыйлайды. Жаңа тандэм баршаға жаңа эмоция сыйлайтыны да рас. Айтпақшы, концертте танымал хиттермен қатар, рэп жұлдыздың жаңа туындылары да орындалады.

Концерт Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайында өтеді. Басталуы сағат 19:00-де. Жас шектеуі бар, концертке тек 12жастан асқан балалар кіргізіледі. Билеттерді Ticketon.kz сайты арқылы сатып ала аласыз.

K-POP SYMPHONY CONCERT: EXO тобындағы Ченмен бірге ТМД-дағы алғаш оркестрлі K-POP шоу

Алматы қаласы, 6 сәуір

ТМД-да алғаш рет! Алматыда K–POP әлемінің жарық жұлдыздары бас қосып, ТМД–дағы алғашқы оркестрлі  K-POP кешін өткізбек! JAZI ORCHESTRA жобасының арнайы шақыруымен концертке әлемдік деңгейдегі мейман, аты аңызға айналған EXO тобының вокалисі Чен (Kim Jong-dae) қатысады. Бұл барша осы бір жанрды сүйетін тыңдарман үшін нағыз ғаламат кеш, асыға күткен күн әрі ұмытылмас кездесу болары анық. Кеш қонақтары үшін бұл күні ең тартымды K-pop әртістерінің бірі Чен Қазақстанда алғаш рет өнер көрсетіп, ұмытылмас эмоция сыйлайды. 

Сонымен қатар концертте Jazi Orchestra оркестрінің сүйемелдеуімен K-pop әлемінің әйгілі хиттерін бірегей форматта симфониялық орындауда тыңдай аласыз. 

Арнайы қонақтар тізімінде танымал қазақстандық топтар да бар, соның ішінде Альфа және Нейтрон да өнер көрсетеді. Жарық, сапалы дыбыс, би нөмірлері және таңғажайып энергетика! Бұл концерт Қазақстанның музыка тарихындағы жаңа тарихи кезең болғалы тұр. Сондықтан тамаша кештен құр қалмаңыз!

Кеш 6 сәуірде Алматы Аренада өтеді. Басталуы сағат 18:00-де. Билеттерді Ticketon.kz сайтынан ала аласыз.

Қостанайдағы «КНЯЖИЧИ» ерлер хоры

Қостанай қаласы, 6 сәуір

Қостанай тұрғындары үшін қуанышты жаңалық! Алдағы аптада алматылық 

«КНЯЖИЧИ» ерлер хоры қалаға қонаққа барып, арнайы кеш өткізеді!

«КНЯЖИЧИ» – қазақстандық кәсіби ерлер хоры. Олар – хор өнерінің елдегі мәдениеттің маңызды бір бөлігі екенін дәлелдеп жүрген шығармашылық ұжымдардың бірі.

Концерт бағдарламасында танымал қазақ және шетел композиторларының туындылары орындалады. Сонымен қатар қонақтар үшін хор «Гүл Алматы», «Құсни Қорлан», «Он алты қыз», «Ой, мороз, мороз», «Не для меня придет весна», «Ой то не вечер», «’O Sole Mio», «Lux Aurumque» және басқа да мәңгі хит әндерді нақышына келтіріп орындап береді.

Ерлердің қанық дауысы, жалпы диапозоны үш октаваға дейін жететін бірегей құрам, сахнадағы сап тізе тұрған хор көрінісі мен әуезді үннің қосындысы бірде-бір тыңдарманды бей-жай қалдырмасы анық. 

Концерт Қостанай қаласындағы «Жастар Сарайында» өтеді. Басталуы сағат 18:00-де. Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.

TyndaMusic – Ескі кинолардың әндері

Алматы қаласы, 6 сәуір

Tynda Music оркестрі сүйікті тыңдармандарына жаңа бағдарлама ұсынады, алдағы аптада шығармашылық ұжым өзінің «Ескі кинолардың әндері» деп аталатын концертін өткізеді. Бұл ностальгияға, жылы естеліктер мен әйгілі музыкаға толы кеш болғалы тұр.

Бұл күні сіз тыңдайтын әр әуен әр нотасына жылы эмоцияларды, жан тазалығы мен орны басылмас сезімдерді жасырған бір ерекше заманға тікелей саяхат болары анық. Кеңестік кинолардың мәңгі өшпес композицияларын тыңдаған қонақтар бұл күні миллиондаған жүректерді жаулаған тамаша оқиғаларды еске алады.

Сезімтал балладалардан ырғақты да ұранды әндерге дейінгі әйгілі фильмдердің әндері оркестрдің орындауда ұсынылып, кешті ерекше атмосфераға бөлейді.

Әдеттен тыс алаңдарда сүйікті музыкасын орындау идеясы шабыттандыратын кәсіпқой музыканттар ұжымының кезекті керемет кешінен қапы қалмаңыз. 

Кеш 6 сәуір күні Республика сарайында өтеді. Басталуы сағат 19:30-да. Билет сатып алу үшін Ticketon.kz сайтына өтіңіз.

Сондай-ақ оқыңыз