
Қазақтар неліктен жүзге бөліне бастағанын, бұған, шын мәнінде, не түрткі болғанын білесіз бе? Мемлекеттік құрылымдарды басқарып, тіпті Ресеймен соғысып, кейіннен Ресей императорлық армиясының полковнигі болғаны мұсылман әйел туралы естуіңіз бар ма? Тарих бойынша біліміңізді тексеріп көруге қалай қарайсыз? Мұның бәрі – Qalam-ның апта таңдауы. Мақалада тарқатып айтып береміз.
Қазақ хандығы. Жоңғар мәселесі
Дипломатия кезеңі
Бұған дейін Qalam порталында тарихшы Сұлтан Әкімбековтің курсына негізделген мақалалар сериясы жариялана бастағанын жазған едік. Осы серияның үшінші бөлімінде қазақ хандығын қыспаққа алған геосаяси сынақтар, соның ішінде жоңғар шапқыншылығы мен саяси алауыздық, сонымен қатар Ресей және Цин империяларымен арадағы дипломатиялық айлалар туралы айтады.
Көлемді мақала бірнеше тармаққа бөлінген:
- Тұрақтылық және жоңғардан төнген қауіп
- Моңғолия жеріне талас және жоңғарлардың батысқа бет бұруы
- Хан билігінің әлсіреуі және бірлікке ұмтылыс
- Ресей империясымен қарым-қатынас
- Халдан Церен және жаңа жоңғар шапқыншылығы
- Абылай хан және дипломатия ойыны
Әр бөлім тың дерекке толы. Бұған қоса мақалада түрлі фотодерек пен карта мәліметтері де келтіріледі.
Қазақ неліктен жүзге бөлінген
Тарихшы Радик Темірғалиев
Qalam ұжымы әркез сауатты спикер тауып, салмақты сұрақ қойып, оқырманға қызық сұхбаттар ұсынып отыруға тырысады. Мысалы, өткен аптада порталда тарихшы, зерттеуші, қазақ тарихи қоғамының басқарма төрағасы Радик Темірғалиевпен болған сұхбат жарияланды. Тарихшы Qalam-ға берген сұхбатында қазақтың неліктен жүзге бөлінгені, тайпалардың қалай дала заңын жасағаны және хан жалғыз билік көзі болмағаны жайлы айтып береді.
Ру бөлінісі, жүзге қатысты әңгіме, шежіре тақырыбы – қазақ қоғамы үшін мүлде ескірмейтін тақырыптардың бірі. Тарихшы сұхбатында ру-тайпа бөлінісінің қашан бастау алғанын, жүздер арасындағы иерархия мәселесін талдап, рулар арасындағы басқару жүйесі мен парламенттік басқарудың айырмашылығы мен ұқсастығын талдап береді.
Сонымен қатар мақалада «Әйел негізін қалаған ру бар ма?» деген сұраққа да жауап беріледі. Спойлер: Иә, мұндай оқиғалар болған. Ал толығырақ мақаладан оқып алсаңыз болады.
Алай патшайымы
Құрманжан Датқаның көзі тірі кезіндегі соңғы суреттері
Қазақ даналығында «Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» деген нақыл бар. Осыны негізге алған Qalam ұжымы түрлі дәуірден біздің заманымызға дейін жеткен деректі фотосуреттердің тарихынан сыр шертетін жаңа айдар жариялады.
Құрманжан Датқа атымен белгілі Құрманжан Маматбайқызы (1811–1907) — Алай қырғыздарының атақты көсемі және мемлекеттік құрылымдарды басқарған санаулы мұсылман әйелдердің бірі болды. Саяси және әскери мансабы өрлеген кезде оған он мың адамнан тұратын әскер бағынған. Ол басқа қырғыз бектерімен бәсекелес болып, Қоқан ханына қарсы шығып, Ресеймен соғысқан. Сарабдал саясаты мен дипломатиялық шеберлігінің арқасында ол Қоқан хандығында да, Бұхара әмірлігінде де ресми түрде «датқа», яғни патшайым болып танылып, Ресей үкіметі оған Ресей императорлық армиясының полковник шенін берген. Ал өз елінде ол «Ұлт анасы» – қырғызша Улуттун энеси атанған.
Осындай бірегей тұлға туралы кішігірім жазбаша дерек пен сирек фотоларды Qalam-ның мақаласынан таба аласыз.
Қазақстан тарихын бесінші сыныптың оқушысындай білесіз бе?
Бесінші сынып оқушысы болу оңай деп ойлайсыз ба? Бір сәтке ойланып көріңізші, дәл қазір сол мектеп бағдарламасынан сауалдар қойылса, саспай, дереу жауап бере алар ма едіңіз? Болмаса, текке ойланып қоймай, мұны іс жүзінде тексеріп, біліміңізді сынап көрсеңіз де болады. Qalam өткен аптада «Қазақстан тарихын бесінші сыныптың оқушысындай білесіз бе?» деген тақырыппен тест жариялады. Бақ сынап көріңіз. Нәтижеңіз жақсы шығып жатса, қуанып, тарихты оқуға құштарлығыңыз одан сайын арта түсер. Нашар шығып жатса да, қамықпаңыз. Бұл, керісінше тарихты тіпті қатты құштарлықпен оқи түсу керек деген сөз. Не де болса, қызық болсын, тест тапсырып көріңіз.