Жалдаған үйіңіз жайлы болсын десеңіз: шетелге шыққанда апартаментті қалай таңдау керек

Жарияланды 30 Наурыз 2025 12:47

Жадыра Аққайыр

Жадыра Аққайыр

Шетелге шыққанда апартаментті қалай таңдау керек/Фото: kursiv.media архивінен

Саяхатқа шыққан кезде жатын үйге ерекше мән беру керек. Көпшілігі «мен күні бойы сыртта жүремін. Сондықтан маған ұйықтайтын жер болса болды» деп көп бас қатырмай, арзан үй не қонақүй ала салады. Дегенмен сіз тоқтайтын жер сапарыңыздың жайлы не жайсыз болуына бірден-бір әсер ететін фактор екенін ұмытпаңыз. Орналасқан жері қолайсыз, жасырын комиссиялары бар, бас тартуға болмайды деген шарттар саяхатыңыздың сәнін кетіруі әбден мүмкін. Сондықтан үй брондаған кезде ескеру керек маңызды тұстарды тізіп шықтық. Оған қоса лайфхактарды да назарыңызға ұсынамыз.

Сізге не нәрсе маңызды? Алдымен соны анықтап алуыңыз керек

Іздемес бұрын баспананы қалай елестетесіз, қандай болуы керегін ойланып алыңыз. Ол үшін мына сұрақтарға жауап беріп көріңіз:

  • Үйге қанша ақша бөле аласыз?
  • Қонақүй/апартаменттің туристер көп баратын жерлерге жақын болуы керек пе? Әлде әуежайдың маңынан алғыңыз келе ме? Бәлкім, қаланың ортасынан алғыңыз келетін шығар? Метроға жақын болғаны маңызы ма?
  • Саяхатта өзіңіз тамақ істегіңіз келе ме? Олай болса, ас бөлмесі керек болады. Кір жуғыш машина, үтік болуы керек пе? Бала жататын төсек керек бола ма?
  • Қонақүй алатын болсаңыз, таңғы асы ақыға қосылған түрі керек пе? Әлде ішінде ас бөлмесі бар апартамент қарастырасыз ба?

Өзіңіздің қалауыңызды нақты білген кезде керек еместің бәрін сызып тастап, маңызды дүниелерді назарда ұстай аласыз. Әйтпесе бірінші кездескен үйді алып тастап, ішінде кір жуғыш машина жоқ болса, киімдеріңізді ақылы лаундриге жууға мәжбүр болуыңыз мүмкін. Бұл — мысал ғана.

Бірнеше платформадан іздеп, салыстырыңыз

Үй жалдайтын, қонақүй брондайтын сайттар мен қолданбалардың әрқайсысында талап әртүрлі. Сондықтан біреуін ғана қолданбай, бірнешеуін ашып қарап, салыстырыңыз. Негізі көпшілік мына платформаларды пайдаланады:

  • Booking.com — қонақүй мен апартамент брондауға арналған сервис. Бас тартуыңыз мүмкін болса, осы жақсы. Өйткені тегін. Оған қоса көп қонақүй брондаған кезде ақы алмайды. Барған соң бір төлейсіз.
  • Airbnb — пәтер, апартамент жалға алуға болатын тамаша сервис. Әсіресе отбасылы адамдарға жақсы келеді.
  • Agoda — үй, қонақүй табуға көмектесетін сервис. Соның ішінде Азия, Таяу Шығыс елдерінен үй алатын болсаңыз, жиі жеңілдіктер жасайды.
  • Hotels.com — қонақүй жалдауға арналған сервис. 10 түн алсаңыз, бір түн тегін деген бонустық бағдарламасы бар.

Айтар кеңесіміз: егер өзіңізге ұнаған үйді агрегатордан тауып алсаңыз, қонақүйдің ресми сайтын тауып алып, бағасын салыстырып көріңіз. Тікелей брондаған кезде арзанырақ шығуы мүмкін. Кейде керісінше агрегатор арзан болатыны тағы бар. Келесі бір лайфхак мынадай: баратын қаланы Google Maps-тан табыңыз да, қонақүй деп іздеңіз. Сол қаладағы бүкіл қонақүйді шығарып береді. Ол жерден шын пікірлерді қараудан бөлек, қай агрегатордан қандай сомаға алуға болатыны туралы да ақпарат бар. Бәлкім, сіз қарамаған агрегатор шығып қалуы ғажап емес. Бағасы да салыстырып қарауға өте ыңғайлы.

Пікірлерді шолып шығыңыз

Үйдің жұлдызды рейтиңінен бөлек мән беретін тұстар бар. Одан қайта саяхатшылар не деп жатыр деп пікірлерді қарап шыққан дұрыс.

  • Жаңа пікірлерге мән беріңіз. Бірнеше жыл бұрын жазылған нәрсе ескіріп кетуі мүмкін.
  • Бір шағым бірнеше рет қайталана ма, қараңыз. Егер «мына жер лас» дегенді бірнеше адам жазса, демек, шынымен сондай болуы мүмкін.
  • Қонақтардың жүктеп салған суретін қараңыз. Қонақүйдің өзі салған суреттерге қарағанда олар әлдеқайда шынайы болады.
  • Апартамент алатын кезде пікірі жоқ, баға қойылмаған, бүгін/кеше салынған жаңа хабарландыруларға сеніп қалмаңыз. Көбіне олар алаяқ болып шығады. Тексеріп алу керек.

Жасырын төлемдер бар ма, қараңыз

Кей сервистерде мына төлемдер қосылмаған болуы мүмкін:

  • Салық пен алымдар
  • Депозит
  • Клиниң ақысы

Брон жасамас бұрын төлем, депозитті қайтаруға қатысты шарттарды мұқият оқып шығыңыз.

Сізге керек нәрселер бар екеніне көз жеткізіп алыңыз

Мысалы:

  • Тегін Wi-Fi (кей қонақүйде ақылы болуы мүмкін).
  • Ыстық су (Азияның кей арзан үйлерінде ыстық су болмауы мүмкін).
  • Ас бөлмесі, тұрмыстық техника

Бас тартуға болатын нұсқа алған жөн

Қанша жерден баратыным анық десеңіз де, өмірде түрлі форс-мажор болып қалады. Сондықтан бас тартқанда айыппұл алмайтын түрін таңдаған дұрыс. Кім біледі, бәлкім одан жақсырақ үй тауып қаларсыз. Болмаса, жұмыстан жібермей қалуы мүмкін дегендей.

Аумақ қаншалықты қауіпсіз екенін тексеріңіз

Бұрын бармаған қаладан үй алатын кезде:

  • Google Maps мен Street View арқылы ол аймақтың көрінісі қандай екенін қарап алған дұрыс.
  • Форумдар мен пікірлерді оқыңыз.
  • Жақын маңайда қоғамдық көлік, дүкен, кафе бар ма — көріңіз.

Кіретін/шығатын уақытқа мұқият болыңыз

Сіз ұшақтан түсе сала үйге орналаса алмауыңыз мүмкін. Өйткені check in/check out уақыты болады.

  • Ертерек кіріп, кешірек шыққыңыз келсе, қосымша ақы сұрауы мүмкін.
  • Чек-инді өзіңіз жасауыңыз мүмкін (көпшілігі қазір есікке код қойып қояды. Онысы өте ыңғайлы).
  • Кей елдерде қосымша тіркеу сұрауы мүмкін.

Кэшбек, бонустық бағдарламалармен дос болыңыз

Кей сервистер бонус береді:

  • Booking.com (Genius бағдарламасында тұрақты клиенттерге жеңілдіктер, апгрейд жасауға мүмкіндік береді).
  • Hotels.com (әр 10-түн тегін).
  • Кэшбэк-сервистер (мысалы LetyShops, Rakuten, Honey) арқылы жұмсаған ақшаңыздың аз болса да бөлігін қайтаруға көмектеседі.

Еске сала кетсек, бұған дейін баламен саяхаттағанда не нәрсені ескеру керек деген тақырыпта қызық материал дайындаған едік.

Сондай-ақ оқыңыз