Ұлытау облысында 67 ақбөкеннің өлексесі табылды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Биыл қыста Ұлытау облысында 3 мыңға жуық ақбөкен қырылған / Фото: kursiv.media архиві

Ұлытау облысының Кеңгір су қоймасының жағалауында 67 ақбөкен ұшасы табылды. Қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар министрлігі ауданда санитарлық іс-шараларын жүргізіп жатыр.

«Ұлытау облысындағы Кеңгір су қоймасының Водосброс және «Спутник» саяжайы маңында киік өлекселерін жинау жұмыстары жүргізілді. Құтқарушылар жағалаудағы аумақты мұқият тексеріп, табиғатқа зиян келтірмеу мақсатында қажетті шаралар қабылдауда»,– делінген хабарламада.

Ведомство 67 өлексенің «Охотзоопром» қызметкерлеріне тапсырылғанын мәлім етті. Сондай-ақ экологиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстау және жануарлар дүниесін қорғау мақсатында аумақты тазарту жалғасатынын жеткізді.

Айта кетейік, өңірде ақбөкендердің қырылуы бірінші рет емес. Биыл ақпан айынан бастап Жезқазған қаласының аумағында 660-тан астам ақбөкен ұшасы, ал Қаражал қаласының маңында 2342 ұшасы табылғаны жөнінде хабарланған болатын. Кейінірек орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті қыста ақбөкендердің саны 40-50% – ға азаюы мүмкін деп түсіндірді.

Еске сала кетсек, киік санының күрт азаюына байланысты 1999 жылдан 2024 жылға дейін ақбөкендерді атуға тыйым салынып келді. Алайда 2023 жылы ақбөкен популяцияның өсуі шаруаларды шығынға ұшыратып, жайылымдық жерлердің тапшылығын тудыра бастады.  Нәтижесінде билік олардың санын азайту туралы шешім қабылдады.

Бұл ретте екі әдіс ұсынылды. Біріншісі – күндізгі уақытта тор орнату, екіншісі – түнде ату әдісі. Алайда бірінші әдіс іске аспай, екіншісі таңдалып, елде ақбөкендерді атуға рұқсат берілді. Ал 2024 жылғы ақпанда елде ақбөкендерді атуға тыйым салынды. 

Сондай-ақ оқыңыз