«Ел мүддесін ойлап отқа түскенім үшін ресейшіл, сатқын болғаным ба»: Тасмағамбетов мәлімдеме жасады

ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов әлеуметтік желіде үндеу жариялады. Ол «ресейшіл, сатқын, қазақты соғысқа тартып жатыр» деген сынды өзіне тағылған кінә-айыптауларға қатысты жауап берді.
Тасмағамбетов кімге ренжулі
Тасмағамбетов өзіне жала жауып бос айыптағандар барын айтады. Алайда ол бұл сынмен келіспейді.
«Қадірменді ағайын. Менің өмір жолымды қалың қазақ біледі ғой деп ойлаймын. Егемен мемлекет болғалы ел игілігіне аз да болса, өз үлесімді қосқандаймын. Әрине, «ауыр жол атыңды сынайды, қиын іс адамды сынайды» деген. Осы жолда талай сый да, сын да болды. Оның ішінде қадіріңді байыптағандар да, жалған жала жауып бос айыптағандар да болды. Дегенмен сол жалған айыптарға көңіл бөлмедім, сотқа жүгініп, кеткен есемді ешкімге артпадым. Өйткені атам қазақ айтпақшы «ақтың отын ақымақ өшіре алмайды», қашанда әр мәселенің әділдігін адам көрмесе де, Алла көреді деген қағидаға сүйендім»,– деді Тасмағамбетов.
Ресейшіл, сатқын емеспін…
ҰҚШҰ бас хатшысы абыройын түсірмек болған айып таққыш қауымға өз жауабын берді. Алдымен ол қазақтың иісі аңқыған Атырауда туып, қазақтың рухын, мәдениеті мен әдебиетін сіңірген, ана тәлімін алып өскенін еске салды.
«Ал енді бүгін ше? Туған еліне салмағы жоқ, жел айдаған дән қауыз тәрізді кейбір бақытсыз жандар үшін мен ресейшіл, сатқын екенмін. Сонда қалай? Келісімсөздің күші емес, зымыранның мысы басып тұрған мына заманда халықаралық әскери ұйымға туған елімнің атынан барып, қауіпсіздік үшін отқа, мүдде үшін суға түскенім үшін бе? Егер дәл солай болса, онда мен заманында орысшылсың деп айыпталған Ұлы Абайдың сөзімен қайырайын: «Адамнан надан артпас ұққанменен, Тағдыр көрмей қоймайды бұққанменен», – деді Иманғали Тасмағамбетов.
Тасмағамбетов Ресей-Украина арасындағы соғысқа да тоқталып өтті. Оның айтуынша, қазір адамзат әлемі бұрын-соңды болмаған соғыс қаупінен арылмай тұр. Бұл соғыста жеңімпаз болмайтынын және бәрі де жеңіледі деп баға берді.
«Мұндай жағдайда біреудің сойылын соғу нағыз соқырлық, ал өз ұлтына соғыс тілеу қаныпезерлік болар еді»,– деп мәлімдеді үндеуінде.
Ұялатын жерім жоқ…
Ол сөз соңында халыққа не нәрсеге де ақылмен қарауға шақырды.
«Әрине, әлеуметтік желіде отырып, мән-жайды анықтамастан, жалған ақпарат тарату өте оңай. Қиыны, ар алдындағы жауап. Менің де өмірімдегі ел-жұртым сеніп, мойныма артқан қай қызмет, қандай жұмыс болсын, ұялатын жерім жоқ. Мен үшін халқымыздың мүддесінен биік ешнәрсе болған емес. Бүгін де елден жырақ жүрсем де, туған елдің әрбір жетісітігі мен жемісі мәнді, сағынышы тәтті», – деп түйіндеді Иманғали Тасмағамбетов.
Айта кетейік, Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ Бас хатшысы қызметіне 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 3 жылға тағайындалған болатын. Қазақстанның ҰҚШҰ-дағы төрағалығы 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін созылуға тиіс.
Тасмағамбетов бірнеше мәрте НАТО-ға, жалпы Батыс елдеріне қарсы Ресейдің көзқарасына жақын мәлімдемелер жасап үлгерді. Ол кезде сарапшылар ҰҚШҰ-да Ресейдің ықпалы күшті болғандықтан, оның басқаша көзқарас білдіруі мүмкін емес екенін, білдірген күнде сол сәтте орынтағынан кететінін айтқан еді.
Десе де, бұл мәлімдемелерден кейін, Қазақстанда оған «ресейшіл саясаткер» деген айдар тағыла бастады. Сонымен қатар Иманғали Тасмағамбетов ҰҚШҰ төрағасы ретінде ұдайы ресейлік БАҚ-тарға сұхбат беріп жүргені байқалады.