Бангкоктағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 17-ге жетті

Бангкоктағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны тағы да көбейді. Бүгінде зілзала салдарынан көз жұмғандар саны 17 адамға жеткен. 32 тұрғын зардап шегіп, 83-і хабар-ошарсыз кетті.
Бұл ақпаратты Таиланд астанасының әкімшілігі таратты. Қаланың солтүстігінде салынып жатқан бас аудитордың басқару ғимараты құлап, үйінді астында тоғыз адам қаза тапты. Оқиға орнында іздеу-құтқару операциясы жалғасып жатыр.
Еске сала кетейік, 28 наурызда Мьянмада 7,7 балдық жер сілкінісі орын алды. Зілзала салдарынан 1,6 мыңнан астам адам қаза тауып, 3,4 мың адам зардап шеккен болатын. Жер асты дүмпулері Таиландта, Бангладеште, Лаоста, Қытайда және Үндістанда да тіркелді.
29 наурызда Мьянмада магнитудасы 5,1 балл болатын тағы бір жер сілкінісі тіркелді. Жерасты дүмпулері елдің солтүстігінде, солтүстік-шығысында, орталығында және оңтүстігінде сезілді.
Сондай-ақ сілкініс дүмпуі Таиланд астанасы Бангкок пен Лаос астанасы Вьентьянда да анық байқалғаны хабарланды.
Айта кетейік, Оңтүстік-Шығыс Азия ғана емес, Орталық Азия өңірінде де бірнеше мәрте жер сілкінді. Ол, әсіресе, Қазақстанның Жамбыл облысындағы Тараз, Шу қалаларының, Меркі, Құлан ауылдарының, сонымен бірге Қырғызстандағы елдімекен тұрғындарына қатты сезілді.