Жамбыл облысындағы жер сілкінісі: сейсмологтар зілзала салдарын зерттеп жатыр

Сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының мамандары Жамбыл облысында, қазіргі сейсмикалық ахуалға кеңейтілген мониторинг жүргізіп жатыр. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
ТЖМ жер сілкінісінің эпиорталығы орналасқан Меркі ауданында сейсмологиялық станциялар желісі орнатылғанын хабарлады. Бұдан бөлек, триангуляция әдісімен жұмыс істейтін үш қосымша жылжымалы станция іске қосылған. Бұл құрылғылар 30-80 шақырым радиустағы сейсмикалық белсенділікті, соның ішінде жер қыртысының қозғалысын, жер асты микродүмпулерін және жерасты шуларын анықтайды.
«Жиналған деректер жедел режимде сейсмикалық жағдайды бағалау жөніндегі комиссияның талдауы мен жұмысы үшін Орталық сейсмикалық обсерваторияға беріледі. Нәтижесінде қорытынды дайындалып, Қазақстан ТЖМ Командалық орталығына жіберіледі. Бұл нақты уақыт режимінде жағдайды талдауға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді»,– делінген хабарламада.
Бүгінде Жамбыл облысында ТЖМ Сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының тоғыз сейсмологиялық станциясы жұмыс істеп тұр, оның біреуі – әртүрлі параметрлерді талдауға мүмкіндік беретін кешенді станция. Қосымша станциялар да бақылау дәлдігін арттырып, сейсмикалық белсенділіктің өзгерістеріне жедел әрекет етуге көмектеседі.
Айта кетейік, 28 наурызда Жамбыл облысы мен оның орталығы Тараз қаласында жер сілкінді. Меркі ауданында – бес балл, Рысқұлов ауданында – 4 балл, Тараз қаласы мен қалған аудандарда – 2 балл тіркелді.
Жамбыл облысындағы жер сілкінісі кезінде 14 ғимарат ішінара бүлінген. Бұлардың дені – мемлекеттік мекеме нысандары.Басқа ғимараттардың анықтау, зерделеу жұмыстары жалғасып жатыр.