Freedom QJ League жобасының үшінші маусымы 19 сәуірде басталады

2025 жылдың 19 сәуірінде Freedom QJ League-ның үшінші маусымы басталады. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды KursivMedia.
Freedom QJ League – жарыс өткізіп, балалардың білімін арттырып, аналитикалық талдауда үздік әлемдік стандарттарды қолданатын Қазақстан футболының болашағын қалыптастыруға бағытталған жоба.
31 наурызда өткен жиынға Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов, Freedom QJ League президенті Рохус Шох, Mastercard компаниясының Қазақстан мен Орталық Азиядағы бас директоры Санжар Жамалов және Changan Kazakhstan дистрибуциясы директорының орынбасары Сергей Галкин қатысты.
Еуропада жеңіске жетуде ешқандай кедергі жоқ
Жиын барысында Тимур Турлов кейінгі екі маусым Freedom QJ League жобасының дер кезінде пайда болғанын көрсеткенін айтып өтті.
«Жоба клубтарымызға балалар мен жасөспірімдер резервін дайындауда тағы бір қадам жасауға көмектеседі. Сонымен қатар спорт менеджері, жаттықтырушы, медиа команда, ұйымдастырушыларды дайындау туралы да сөз болып отыр. Лиганың ішінде қазір тәжірибе жинақтап, еліміздегі үздік демеушілермен, жергілікті атқарушы органдармен, футболшылармен және клубтармен жұмыс істеуге дағдыланатын жаңа буын қалыптасып жатқанына қуаныштымын», – деді Турлов.

Турлов «Қайрат» клубының тәрбиеленушісі Дастан Сатпаев «Челси» клубына ауысқанын, оның дамуына лиганың да үлес қосқанын айтты.
«Футбол ең танымал әрі бұқаралық спорт деп айта аламыз. Еліміз бұл ойынды жақсы көреді. Бізде тек ойыншылар ғана емес, мамандар арасында да жеткілікті талантты азаматтар бар. Қазақ футболшыларына Еуропа мен әлемдегі ең беделді жарыстарда жеңіске жетуде ешқандай кедергі жоқ», – деді Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры.
Айта кетейік, үш жыл ішінде лиганың бас серіктесі Freedom Holding компаниясы қазақстандық жасөспірімдер футболын дамытуға 8 млрд теңге инвестиция құйған.
Freedom QJ League жобасының жетістіктері
Жоба аясында екі жылда 226 жасөспірім кәсіби футболда өзін көрсету мүмкіндігіне ие болған. Оның ішінде Қазақстан чемпионатының жоғары дивизионы мен халықаралық матчтар бар.
Лиганың алғашқы маусымына елдің 10 өңірінен 12 команда қатысқан, 2024 жылы жоба 18 өңір мен 20 клубты қамтыған.

Лига бапкерлер мен басқа да мамандарға арнап семинарлар өткізген. Аймақтық футбол фестивальдері мыңнан астам баланы қамтыған. 2024 жылы қыркүйекте жаттығу процесін оңтайландыруға арналған көпфункционалды цифрлық платформа – FF Manager іске қосылған.
Қыздар қатысатын турнир өтеді
Сондай-ақ жаңа маусымда 16 жасқа дейінгі ұлдар арасында жаңа біріншілік басталады. Алғаш рет 17 жасқа дейінгі қыздардан құралған 8 команда қатысатын турнир өтеді деп жоспарланған.
«Біздің лига – Қазақстан футбол федерациясының ұлттық, ауқымды, жүйелі, әлеуметтік, спорт жобасы. Лига ауылдың бәріне жетпеген болуы мүмкін, бірақ барлық қалаға жетті деп айта аламыз. Маған мұндай жоба үшін Қазақстаннан маман табу мүмкін емес дегендер де болды. Иә, бұл оңай болған жоқ, команда жинауға жеті-сегіз ай кетті, бірақ біз бұған қол жеткіздік. Тәжірибеме сүйеніп айтар болсам, бұл салада жай ғана жұмыс істей алу жеткіліксіз, бұл істі шын жүректен жақсы көріп, соған жан-тәніңмен берілуің қажет. Біз қазір Қазақстан футболының болашағын қалап жатырмыз», – деді Freedom QJ League президенті Рохус Шох.

2025 жылы Freedom QJ League үш жаңа командамен толықтырылады. Олар: «ҚФФ U-16», «Хаң-Тәңірі» және «Жеңіс». Осылайша жаңа маусымда 18 өңірден 54 команда құрамында 1 620 жас спортшы ойнайды. Жоспар бойынша барлығы 542 матч өткізіледі.
Жаңа маусымның тағы бір жаңалығы – клубтар құрамында менталдық дайындық бойынша бапкер мен үйлестірушінің қосылуы. Бұған дейін бұл тізімде дәрігер, медиа-офицер, маркетолог болған.
Айта кетейік, 2024 жылы Freedom QJ League қаржы қызметі саласындағы корпорациялардың бірі – Mastercard компаниясымен әріптестік келісімге қол қойған. Ал жаңа маусымда лига серіктестері қатарына «Астана Моторс» компаниясы құрамына кіретін, Қытайдың Changan брендінің Қазақстандағы ресми дестрибьюторы қосылды.