Шерзат Полат ісі бойынша сот қашан басталатыны белгілі болды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Шерзат Полат
Шерзат Полаттың ісі бойынша сот 10 сәуірде басталады / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Шерзат Полаттың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы 10 сәуірде өтеді. Ақпаратты KursivMedia тілшісіне марқұм жасөспірімнің отбасының адвокаты Мейірман Шекеев растады.

«Алдын ала сот тыңдауы Талдықорған қаласында қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта 2025 жылдың 10 сәуірінде өтеді. Біз де не себепті бұл сотта өтетінін сұрадық. Мұны күдіктілердің көбі Талдықорғандағы изоляторда отырғанына байланысты деп түсіндірді. Келесі сот отырысының қайда өтетіні әлі белгісіз», – деді Мейірман Шекеев.

Айта кетейік, 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар ауданында 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапты. Сол оқиғадан кейін 11 адам қамауға алынды. 

2025 жылдың ақпанында Шерзат Полаттың өліміне қатысы бар күдіктілердің туған күнін тойлап жатқаны көрсетілген видео тарады. Содан кейін полиция «Құқық қорғау қызметі туралы» заңы негізінде қызметтік тергеу жүргізген.

Нәтижесінде мұндай әрекетке жол берген кінәлі тұлға анықталып, ішкі істер органдарынан шығарылған.

Желіде тараған видеоға сәйкес, қылмыстық іс бойынша қамауға алынғандар бір камерада отырған. Алматы облысы полиция департаменті күдіктілердің бөлек камераларға орналастырылғанын, оларға заңға сәйкес тиісті шара қабылданғанын мәлімдеді. Алайда қандай шара екенін нақтыламады.

Сондай-ақ оқыңыз