Әскерді дронмен жарақтандыруға ерекше назар аударылады – Бектенов

Әскери құрылыстың қазіргі заманғы үрдісі пилотсыз ұшу аппараттарының рөлін және оны кеңінен қолдануды көрсетіп отырған шақта бұл үрдістен Қазақстан да шет қалмайды. Депуттардың сауалына берген жауабында Үкімет басшысы Олжас Бектенов осылай деп мәлім етті.
Оның сөзінше, армияны жоғары технологиялық қару-жарақпен және техникамен, оның ішінде ПҰА-мен жарақтандыруға ерекше назар аударылады.
«Қазіргі заманғы оқыту технологиясын енгізу жөніндегі шаралар шеңберінде қорғаныс министрлігі әскери жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына курсанттар мен кадеттердің ПҰА-ны ұшырып, технологиялық пайдалану негіздерін меңгертетін пәндерді енгізді»,– дейді ол.
Премьердің айтуынша, бүгінгі күні ПҰА мамандарын даярлау Әуе қорғанысы күштерінің (Ақтөбе қ.), Құрлық әскерлерінің (Алматы қ.), радиоэлектроника және байланыс (Алматы қ.) әскери институттарында, Әскери колледжде (Щучинск қ.), Жауынгерлік даярлық және ПҰА-ны жауынгерлік қолдану оқу-жаттығу орталығында (Тараз қ.) жүзеге асырылады.
«Отандық ПҰА жетілдіру үшін Қорғанысмині мамандары оны шығару бойынша кәсіпорындарға кезең-кезеңімен барады, оларды көрнекі түрде көрсету және тәжірибелік-әскери сынау өткізіледі, оның қорытындысы бойынша тиісті ұсынымдар беріледі», – делінген Бектеновтің жауабында.
Премьер-министр бастапқы әскери даярлықты ұйымдастыру, ЖОО-ның оқу бағдарламаларын жетілдіру, сондай-ақ қазіргі заманғы технологияларға оқыту мәселелері уәкілетті мемлекеттік органдардың бақылауында екенін атап өткен.
Бұған дейін, әскери сарапшы Қазақстанның әскери оқу орындары әлі күнге дейін советтік жүйе бойынша оқытылатынын, білім бағдарламасы мемлекеттік тілде жүрмейтінін айтқан.