Жаңа ереже: Үкімет декретке миллионмен шығудың жолын кеседі

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
кімет "декретке миллионмен" шығудың жолын кеседі
Үкімет «декретке миллионмен» шығудың жолын кеседі/Фото: shutterstock

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «декретке миллионмен» шығу мүмкіндігін алып тастайды. Яғни жүктілік пен босануға, сондай-ақ 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты төлемдерді есептеу ережелеріне өзгерістер енгізді деп жазады Тиімді Қазақстан телеграм арнасы.

Министрлік мұндай қадамға ел арасында «декретке миллионмен» деп аталып кеткен тәсіл, яғни көбірек төлем алу үшін табысын арттыру жағдайларының жиілеп кетуінен кейін барған. Жаңа ереже 8 сәуірден бастап күшіне енеді.

Қандай өзгерістер болады

1. Бала күтімі бойынша біржолғы төлем (халық арасында – декреттік төлем аталып кеткен сома). Бұрын әйелдің бірнеше жұмысы болса (мысалы, екі қызметтік жұмыс және жеке кәсіпкерлігі), әрқайсысынан максималды төлем алуға мүмкіндігі бар еді. Енді жалпы сома 2 249 100 теңгеден аспауы керек.

Неге? Өйткені енді табысты есептегенде, 7 ең төменгі жалақыға (ЕТЖ) дейінгі сома ғана ескеріледі. 2025 жылы бұл – айына 595 000 теңге. Егер табыс одан жоғары болса немесе бірнеше жұмысы болса да, бәрібір ең көбі 595 мың теңге ретінде есептеледі.

2. 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне ай сайынғы төлемдер. Бұрын декреттік демалысқа шыққаннан кейін, кейбір әйелдер аударымдарын жалғастырып, төлем мөлшерін арттыру мүмкіндігін қолданатын. Енді бұл әдіс істемейді – қосымша аударымдар есепке алынбайды.

Түйін

А) Үкімет жүйені алдап, декретке миллионмен шығу үшін тиесілі мөлшерден артық төлем алатындарды анықтады. Енді осындай айла-амалдар мүмкін болмайды.
Ә) Егер әйелдің бір ғана жұмысы (ЖК немесе жалдамалы жұмыс) болса, бұл өзгерістер сізге әсер етпейді. Жалпы төлем мөлшері азайған жоқ. Бұл жерде декретке миллионмен шығуға болады, тек жалақы мөлшері соған сай болуға тиіс.

Бұған дейін, декретке миллионмен шығу үшін табысын қолдан арттырғандар қылмыстық жазаға дейінгі жауапкершілікке тартылатыны хабарланған.

Сондай-ақ оқыңыз