Гренландия премьер-министрі аралды алғысы келіп жүрген Трампқа қатқыл мәлімдеме жасады

Гренландияның жаңа премьер-министрі Йенс-Фредерик Нильсен АҚШ президенті Дональд Трамптың Арктика аралын бақылауға алғысы келетіні жайлы бірнеше рет айтқан мәлімдемесіне жауап берді.
«Президент Трамп «АҚШ Гренландияны алады» деп мәлімдеуде. Мен нақты айтайын: АҚШ Гренландияны алмайды. Біз ешкімге тәуелді емеспіз. Өз болашағымызды өзіміз айқындаймыз», – деп жазды Нильсен Facebook парақшасында.
Сенбі күні NBC News-ке берген сұхбатында Дональд Трамп Гренландияны бақылауға алу ниетін тағы да қайталаған.
«Біз Гренландияны аламыз. Иә, 100%». Ол сондай-ақ АҚШ-тың аралды «әскери күш қолданбай-ақ басып алу мүмкіндігі жоғары» деді Трамп.
Трамп Гренландия аралы мен Панама каналын басып алу пиғылын алғаш жыл басында жеткізген.
АҚШ президенті аралға тегіннен тегін көз тігіп отырған жоқ. Данияға тиесілі автономды аймақ экономикалық, климаттық әрі геосаяси маңызға ие.