Лотeрея ойнатқан блогерлерге 7 млн теңгеге дейін айыппұл салынады

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин депутаттардың әлеуметтік желілерде жүлде ойнатудың алдын алуға қатысты сауалына жауап берді.
Жұманғарин «Лотереялар және лотерея қызметі туралы», «Жарнама туралы», «Ойын бизнесі туралы» және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңдары бойынша лотерея операторы емес тұлғаға лотерея өткізуге заңмен шектеу қойылғанын еске салған.
«Заңға сәйкес, инфлюенсер (блогер) – белгісіз адамдар тобына арнап онлайн-платформада ақпарат жариялайтын және оны кәсіпкерлік мақсатта пайдаланатын адам. Қазақстан Республикасының заңнамасы инфлюенсерлердің кәсіпкерлік қызметін реттейді және цифрлық ортадағы заңсыз лотереялар мен басқа да құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік белгілейді«,– делінген вице-премьер жауабында.
Жұманғарин қазіргі уақытта Қазақстандағы «Сәтті Жұлдыз» акционерлік қоғамы ғана ресми лотерея операторы екенін атап өтті.
Оның сөзінше, тиісті министрлік медиа мен онлайн-платформалардағы контентті тұрақты түрде бақылап, «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заңның талаптарын бұзу фактілерін анықтайды.
«Заңсыз лоторея өткізгендерге 100-ден 2000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынып, заңсыз табыс тәркіленеді», – дейді ол.
2024 жылдың ақпан айынан бастап 113 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 50 млн теңгеден асқан.
Бұған дейін, депутат лотерея мен курс сатып байыған коучтарға көбірек салық салуды ұсынған.
Ал сарапшы салық органдары блогерлермен ғана шектелмей, интернет арқылы табыс табатын барлық азаматты тексеруді жоспарлап отырғанын мәлім еткен.