Мьянмадағы жойқын жер сілкінісінен кейін гуманитарлық дағдарыс ушыға түсті

Мьянмада болған күшті жер сілкінісі елдегі азық-түлік тапшылығы, жаппай көші-қон және азаматтық соғыспен күрделенген жағдайды одан әрі нашарлатуы мүмкін. Бұл туралы көмек ұйымдары мен БҰҰ ескертті, деп хабарлады АР агенттігі.
Ресми мәліметтер бойынша, зілзаладан қаза тапқандар саны 1700-ден асқан. Біірақ шынайы көрсеткіш әлдеқайда жоғары болуы мүмкін деген қауіп бар.
Гуманитарлық көмек көрсету қиындап барады
Азаматтық соғыс пен әлсіз инфрақұрылым, жер сілкінісі салдарынан жолдардың, көпірлердің, ауруханалардың қатты зақымдануы, электр қуатының бұзылуы, отын тапшылығы және тұрақсыз байланыс гуманитарлық көмекті ұйымдастыруды одан әрі қиындатуда.
Ауыр техниканың жетіспеуі іздестіру-құтқару жұмыстарын баяулатып, көптеген адамдарды 40°C-тан жоғары температурада қолмен іздеуге мәжбүрлеуде.
Құрбандар саны артып келеді
Мьянма үкіметінің ресми өкілі генерал-майор Зау Мин Тун мемлекеттік MRTV телеарнасына берген сұхбатында 1700-ден астам адамның қаза тапқанын, 3400 адамның жараланғанын және 300-ден астам адамның жоғалып кеткенін мәлімдеді.
«Бұл соңғы қайғылы оқиға елдегі онсыз да ауыр гуманитарлық дағдарысты тереңдетіп, қақтығыстар мен табиғи апаттардан зардап шеккен қоғамдастықтардың әл-ауқатына одан әрі қауіп төндіруде», – деп мәлімдеді дүйсенбі күні БҰҰ-ның Мьянмадағы өкілдігі.
Олар гуманитарлық көмек керуендерінің, медицина қызметкерлерінің және бағалау топтарының кедергісіз кіруіне шақырды.
«Бұл жер сілкінісіне дейін-ақ Мьянмада 20 миллионға жуық адам гуманитарлық көмекке мұқтаж еді», – деді БҰҰ-ның Мьянмадағы гуманитарлық мәселелер жөніндегі үйлестірушісі Марколуиджи Корси.
Жұмадағы жер сілкінісі
Өткен жұмада болған 7,7 магнитудалы жер сілкінісі елдің екінші ірі қаласы Мандалай маңында тіркеліп, қалалық әуежайды зақымдап, жолдарды қиратқан. Елдің орталығында жүздеген ғимарат жермен-жексен болды.
Жер сілкінісі кезінде Мандалайдағы U Hla Thein монастырінде 270-ке жуық монах емтихан тапсырып жатқан. Олардың 70-і қашып құтылды, бірақ дүйсенбі күні оқиға орнында жұмыс істеген құтқарушылар 50 адамның мәйітін тапқанын, ал қалған 150 адамды әлі де іздеп жатқанын хабарлады.
Ал жұма намазына жиналған 700-ге жуық мұсылман мешіттер қираған кезде қаза тапқан.