Мұғалімдерді даярлау жүйесі өзгеріп жатыр

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Мұғалімдерді даярлау жүйесі қалай өзгеріп жатыр
Мұғалімдерді даярлау жүйесі өзгеріп жатыр/Фото: shutterstock

Мұғалімдерді даярлау жүйесін жаңғырту мақсатында педагогикалық білім беруді дамытудың тұжырымдамасы әзірленіп, іске асырылып жатыр. Бұл туралы депутаттар сауалына жолдаған жауабында премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев мәлім етті.

Оның сөзінше, тұжырымдамада 9 басым бағыт қамтылған:  

  • педагог кадрларға деген қажеттілікті болжау,  
  • инклюзивті білім беруді дамыту,  
  • практикалық оқытуға басымдық беру,  
  • үздіксіз педагогикалық тәжірибені жетілдіру,  
  • мұғалімнің зерттеу және басқарушылық құзыреттерін нығайту,  
  • инновациялық оқыту әдістерін енгізу және т.б.  

Сондай-ақ ол педагогикалық мамандықтарға қабылдау талаптары кезең-кезеңімен күшейтіліп жатқанын атап өтті. Аталған мамандық иелері үшін ҰБТ-ның шекті балы 2021 жылдан бастап 50-ден 75 балға көтерілген. Ал 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап педагогикалық мамандықтардағы студенттердің стипендиясы 20%-ға артып, 75 600 теңгені құраған.

«Осы шаралардың нәтижесінде «Алтын белгі» иегерлері арасында педагогикалық мамандықтарды таңдайтын түлектер саны артты. 2023 жылы 1 528 грант бөлінсе, 2024 жылы 1 797 грант берілді«,– дейді ол.

Вице-премьердің айтуынша, педагогикалық білімді жетілдіру аясында жоғары оқу орындары «Педагог» кәсіби стандарты мен орта білімнің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес 1 864 білім беру бағдарламасын жаңартқан.

Ғылым және жоғары білім министрлігі педагогикалық білім сапасын арттыру бойынша бірқатар жұмыстар жүргізуде. Осы мақсатта педагогикалық білімнің жаңа моделі әзірленген, әрі 17 қазақстандық ЖОО, Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебі және Финляндияның 2 университеті бірлесе отырып 30 жаңа инновациялық бағдарлама жасақтаған. Бұл бағдарламалар 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап педагогикалық жоғары оқу орындарында енгізілген.

Ермек Көшербаев аталған реформалар педагогтерді даярлау сапасын арттырып, жалпы білім беру жүйесінің жаңғыруына ықпал ететініне сенеді.

Бұған дейін, педагогтердің аттестациядан өтуіне өзгеріс енген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз