Өзбекстанда мешітте намаз уақытында жарылыс болып, үш адам қаза тапты

Өзбекстанның Әндіжан облысы Ізбасқан ауданындағы мешіттердің бірінде жарылыс болды. Бұл туралы елдің Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жарылыс мешіттегі дәретханада газ-ауа қоспасынан болған.
Жарылыс салдарынан 3 адам қаза тауып, 10 адам жарақат алған. Жараланғандардың барлығы ауруханаға жеткізілген.
«Оқиға орнына облыс әкімі, ТЖД, ІІБ, ҰҚК, денсаулық сақтау басқармасы, прокуратура, «АймақГазТауар» және аудандық төтенше жағдайлар қызметі жұмылдырылып, зардаптарды жою бойынша жұмыстар жүргізілуде«, – делінген хабарламада
Оқиғаға байланысты алғашқы тергеу және тексеру жұмыстары басталған.
Бұған дейін, Мьянмада жойқын жер сілкінісі болған. Зілзала кезінде мешітте намаз оқып жатқан 700-дей адам, монастырда емтихан тапсырып жатқан жүздеген монах қаза тапқан.