Украинадағы сайлау: Зеленский 6 жыл бұрынғы ойынан неге айныды

Украинада жазда президент сайлауы өту мүмкін деген әңгіме тарай бастады. Оған бір ғана мерзімге келдім деген Владимир Зеленский де түседі-мыс.
Зеленский не деп еді
Зеленский 2019 жылы сайлауалды бағдарламасында президенттік қызметте бір ғана мерзім отыратынын, осы аралықта жүйені өзгертіп, билікті саясаткерлердің жаңа буынына тапсыратынын мәлім еткен.
Алайда одан бері жағдай өзгерді. 2022 жылғы 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіріп, содан бері екі ел арасында соғыс жүріп жатыр. Бүгінде Ресей елдің шығыс жағында бірнеше облысына бақылау орнатып отыр. Бұл Украина жерінің 1/5 бөлігін қамтиды.
Украина заңдарына сай, соғыс жағдайында елде сайлау өткізуге тыйым салынған. Өйткені әскери іс-қимылдар кезінде сайлаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Әйтпесе Украинада президент сайлауы бір жыл бұрын 2024 жылғы 31 наурызда өтуге тиіс болған.
Онда неге сайлау өткелі жатыр
Ресей Киев сайлау өткізбегендіктен, Зеленский ел басшылығында заңсыз отыр деп санайды. Ал АҚШ сайлау өткізу елдің ішкі мәселесі деп келген. Алайда АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп Зеленскийді сайлау өткізбегені үшін диктатор деп сынаған. Ел ішінде де президентті сынайтын топтар бар. Зеленский атысты тоқтату бойынша ықтималды келісім күшіне енген соң осы әңгімелерге нүкте қойғысы келетінге ұқсайды.
Зеленский ойынан неге айныды
Дереккөздерде «президенттік қызметте бір мерзім ғана отырамын» деген Зеленский алдағы сайлауға қатысуы мүмкін екені айтылып жатыр. Бұл тұрғыдағы түрлі сарапшылардың екі ойын келтіре кетелік.
- Билікке ресейшіл адам келе ме деген алаң. Зеленский соғыс басталғанда ұсыныс түскеніне қарамастан, елден қашып кетпей, әлемнің екінші армиясына баланатын мемлекетпен ашық соғысудан қорықпады. Енді сайлау арқылы билікке Кремльдің араласуымен ресейшіл адам келсе, ол ұлттық мүддені өзі секілді табанды түрде қорғамай, тіпті соғыста елді жығып беруі мүмкін деген көкейдегі алаң Зеленскийді екінші мерзімге баруға итермелеп отырған болуы ықтимал.
- Саяси амбиция. Зеленский классикалық саясаткерге айналып, айтқан ойынан айныды. Елдегі нөмірі бірінші тұлға, әлемдік саясаткер рөлін ұнатып қалған ол өзінің осы образын бекіте түскісі келуі мүмкін. Егер соғысты анағұрлым сәтті нәтижемен аяқтаса, абыройы тіптен аспандап, ұлттық батырға айналады. Ал бұрынғы кәсіби әртіс ретінде ол көптің ықыласына бөленудің ләззатын жақсы біледі, әрі жағдайды ойнатудың хас шебері.
- Бірі екіншісіне кедергі келтірмейтініндей, оның ойында осы айтылғанның екеуі де болуы мүмкін.
Сайлау өте ме
Бұны тап басып айту қиын. Өйткені қазіргі уақытта тараптар бірінің шартына бірі көнбей, атысты уақытша тоқтатуға келісе алмай отыр. Бұған әзірге арағайындық жасап жүрген АҚШ-та пәлендей ықпал ете алмауда. Кремльді талабына көндіре алмай отырған Трамп Ресейдің мұнай саласына санкция салуы мүмкін екенін мәлімдеді.