«Алматы Су» басшысы жемқорлық үшін 5 жылға сотталды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Алматы су
«Алматы Су» мекемесінің басшысы 5 жылға сотталды / Фото: kursiv.media архив

«Алматы Су» коммуналдық кәсіпорнының директоры М.Жолдыбаев кәсіпкерден 75 млн теңгені алаяқтық жолмен жымқыруға оқталғаны үшін 5 жылға сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматы қаласының Бостандық аудандық соты осы жылдың 9 қаңтарында үкім шығарып, «Алматы Су» коммуналдық кәсіпорнының күрделі құрылыс департаментінің директоры М.Жолдыбаевты кінәлі деп тапқан.

Қандай заңсыздық жасаған?

Мекеме басшысы орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қою және қаланың кәріз жүйелерін күрделі жөндеу және сумен жабдықтау жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша бюджет қаражатын аударуға уәде етіп, кәсіпкерден 75 млн теңге алмақ болған. Сот Жолдыбаевты қомақты көлемдегі қаражатты жымқыруға оқталғаны үшін кінәлі деп тапқан.

Сот үкімі неге өзгерді?

Сот Жолдыбаевқа 5 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарының басшылығымен байланысты қызметпен айналысуына тыйым сала отырып, шартты түрде 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындаған.

Бірақ қадағалаушы прокуратура бұл үкімге қатысты наразылық білдіріп, Алматы қалалық сотына шағым түсірген. Солайша сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгертіліп, шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы өзгертілген.

«Жолдыбаевқа 5 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарының басшылығымен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Жолдыбаев сот залында қамауға алынған.

Сондай-ақ оқыңыз