Мәулен Әшімбаев Астанадағы инклюзивті спорт орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысты

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Мәулени Әшімбаев Астанадағы инклюзивті спорт оталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысты / Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Астанада инклюзивті спорт орталығы бой көтереді. Орталықтың іргетасын қалау рәсіміне Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысқан. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Салтанатты рәсімге Сенат төрағасымен қатар, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, параспорт федерацияларының басшылары мен мүшелері және тағы басқа мүдделі тараптар қатысқан.

Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев болашақ орталықтың нобайымен танысқан. Ол қалада бой көтеретін бұл спорт орталығының әділетті мемлекет құру жолындағы маңызына тоқталып, мұндай орталықты салу спорттағы жетістіктерге ғана ықпал етіп қоймай, әр азаматтың өмірден өз орнын табуына, көппен араласып, қарым-қатынас жасауына және бір-бірін қолдауға берілетін зор мүмкіндік екенін атап өткен. Мұның бәрі – мүгедектігі бар балаларды үлкен өмірге бейімдеудің және қоғамда дұрыс құндылықтар жүйесін дәріптеудің тиімді тетігі екенін де атаған.

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сондай-ақ мемлекет басшысының елімізде инклюзивті қоғам қалыптастыруға және мүгедектігі бар азаматтарға тең мүмкіндіктер беретін жағдай жасауға үлкен көңіл бөлетінін тілге тиек еткен.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрбір азаматтың дамуына және өз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасалған әділетті қоғам құрудың маңызды екенін үнемі айтып келеді. Жаңа Инклюзивті спорт орталығы мүгедектігі бар спортшылардың алаңсыз жаттығу жасауына, халықаралық жарыстарға дайындалуына және жаңа биіктерді бағындыруына жол ашатын орынға айналады деп сенеміз. Мұнда бочча, баскетбол, арбамен ойнайтын футбол, голбол, отырып ойнайтын волейбол және тағы басқа спорт түрлеріне арналған залдар болады. Бұл қадам спортшыларымызға халықаралық жарыстарға жоғары деңгейде дайындалуға мүмкіндік береді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Мәулен Әшімбаев жобаны іске асыруға ұйытқы болған Астана қаласының әкімдігіне және инклюзивті спортты дамытуға, параспортшыларға жағдай жасауға атсалысып жүрген белсенді азаматтарға алғыс білдірген.

Сондай-ақ оқыңыз