Жазда Зеленский екінші мерзімге президенттік сайлауға қатысады

Жазда Украинада сайлау өтіп, Владимир Зеленский екінші мерзімге сайлауға түседі. Бұл туралы The Economist басылымына сілтеме жасап DW хабарлады.
Басылым мәліметінше, сайлау атысты тоқтату туралы келісім күшіне енген соң өткізілуі мүмкін. Ал атысты тоқтату туралы келісімге АҚШ 20 сәуірге дейін қол жеткізуді жоспарлап отыр.
«Украина президенті Владимир Зеленский екінші мерзімге сайлауға түсуді жоспарлап отыр. Сайлау шілде айында өтуі мүмкін», – деп жазады басылым.
Зеленскийдің сайлау өткізу жөніндегі шешіміне Ақүйдегі «айқас» себеп болғаны айтылады. Бұл даудан кейін Украинада Зеленскийдің рейтингі бірден көтерілген. Басылым дереккөзінің мәліметінше, президент өткен аптада арнайы жиын өткізіп, сайлауға дайындалуды тапсырған. Алдын-ала жоспарға сәйкес, бірінші кезекте Радада сайлау өтеді. Оның мерзімі 5 мамырға дейін белгіленуі мүмкін. Содан кейін президенттік сайлау өткізілмекші.
Жалпы заң бойынша, сайлау атыс тоқтаған соң, 60 күннен кейін өткізілуі тиіс. Ал кейбір сарапшылар сайлау науқанына 3 ай дайындық қажет екенін айтқан. Десе де, көпшілік пікірінше, Украинадағы президенттік сайлау шілде айынан кешіктірілмейді.
Еске сала кетсек, 28 ақпан күні АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский Ақ үйде кездесу өткізіп, соғысты тоқтату мәселесін талқылады. Бірақ бұл диалог ойдағыдай өтпей, соңы сөз таласқа ұласты. АҚШ президенті мен вице-президент Джей Ди Вэнс Зеленскийге шүйлікті. Солайша екі тарап бір шешімге келе алмай тарқасты.
Артынша АҚШ Украинаға берілетін әскери көмекке шектеу енгізді. Бұл оқиғадан соң Еуропа елдері Зеленскийге көмек қолын созатынын жеткізді.