Астаналық студент өзін оқудан шығарып жіберген ЖОО-ны сотта жеңіп шықты

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Судьяларды тәртіптік жауапкершілікке тарту тәртібі өзгерді
Студент ЖОО-ны сотқа берген / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Астанада көпбалалы отбасынгн шыққан студент өзін оқудан шығарып тастаған ЖОО-ны сотқа беріп жеңіп шықты. Бұл туралы Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Студент бұл оқу орнына 2023 жылы көпбалалы отбасыларға арналған квота бойынша бөлінген мемлекеттік грант негізінде түскен. Жоғарғы оқу орнының «Бағдарламалық инженерия» мамандығына түскен оны ЖОО әкімшілігі 2024 жылдың жазында емтиханды университет талаптарына сай тапсырмағаны үшін оқудан шығарған. Нақтырақ айтқанда, студентті емтихан тапсыру кезінде академиялық адалдықты бұзды деген желеумен грантынан айырған.

Алайда М. есімді азамат ЖОО-ның оқудан шығару туралы бұйрығын заңсыз деп тануды сұрап сотқа жүгінген. Сонымен бірге бұйрықтың күшін жойып, мемлекеттік білім беру гранты шарттарымен екінші курсқа қайта қабылдау туралы талап қойған.

Оқиғаның мән-жайы

Студент өзін нашар сезінгені себепті емтиханға кешіккенін, маңызды сынақты өткізіп алмау үшін қашықтан тапсыруға мәжбүр болғанын айтқан. Сонымен бірге студент оқуға түскен 2022 жылғы университеттің академиялық адалдық ережелерінде емтиханды аудиториядан тыс жерде тапсырғаны үшін оқудан шығару туралы норма жоқ екенін алға тартқан.

«Сот университет студенттің жаңа ережелермен уақтылы танысуын қамтамасыз етпегенін, нормативтік актіні қолданысқа енгізу тәртібі туралы заңнаманың талаптары бұзылғанын анықтады. Ереженің жаңа редакциясы ресми түрде университет сайтында студент оқудан шыққаннан кейін ғана орналастырылған», – делінген сот хабарламасында.

Осы мән-жайларды ескере келе, сот ЖОО-ның оқудан шығару туралы бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жойған. Сондай-ақ мемлекеттік грантты қалпына келтіру туралы шешім шығарған. Шешім заңды күшіне енген.

Ал мұның алдында Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы талапкер Медина Майсардың Ғылым министрлігіне қарсы аппеляциялық шағымын қабылдамай қойған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз