Балдақпен жүрген мұғалім қалай ІТ маманы әрі бизнесменге айналды

Жарияланды 31 Наурыз 2025 12:57

Шадияр Өстемір

Шадияр Өстемір

General News бөлімінің тілшісі s.ostemir@kursiv.media
Балдақпен жүретін мұғалім Бекболат Исабай бүгінде кәсіпкерге айналып отыр/фото: жеке мұрағаттан
Балдақпен жүрген мұғалім Бекболат Исабай бүгінде кәсіпкерге айналып отыр/фото: жеке мұрағаттан

Балдақпен жүрген мұғалім Бекболат Исабай – қаржыгер, ІT маманы, дүкендер желісі мен білім орталықтарын ашқан кәсіпкер.

Бүгінде бірнеше мамандықты қатар игеріп, жеке кәсібін дөңгелетіп отыр.  Мұның бәрі, әрине, оның математикаға деген ерекше қабілеті, қажырлылығы, төзімділігі мен қайсар мінезінің арқасында екені даусыз.

«Жыл мұғалімі»

Бекболат Исабай 1980 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Жақындарының айтуынша, ол бала күнінде бір күн мектептен қалып көрмепті. Анасы балдақпен жүретін ұлын аяп: «Мұғалімдер де саған түсіністікпен қарайды. Сабағыңа бармай-ақ қойшы», – десе де, көнбеген.

«Мама, бүгін математика сабағы бар. Неге қаламын?» – деп, уәж айтып, мектепке асыққан. Білімге құштар Бекболат ақырында қала мектебін қызылға бітіріп шыққан.

Университетке өз күшімен түсіп, студент кезінен еңбекке араласты. Мектеп директоры программист мамандығында оқып жүрген Бекболаттының қарым-қабілетін аңғарып, информатика пәнінен сабақ беруге шақырған. Бекболат өз әдістемесін жасап, балаларға бағдарламалаудың қыр-сырын үйрете бастайды. Көп ұзамай, жап-жас информатика мұғалімі Шымкент қаласында «жыл мұғалімі» атанады. Түркістан облысында екінші орынды иемденді.

ІТ маманы

Өте дарынды жас жігіт 3-ші курсында университетке дайындау әдістемесін жасап, колледж шәкірттеріне математикадан да дәріс берген.

Бастапқыда мықты бағдарламашы болғанына қарамастан, денсаулығына қарап, көп мекеме жұмысқа алудан бас тартыпты. Өз мамандығы бойынша, жұмыс істегісі келіп, банктерге резюме тастағанмен, бағдарламашы емес, қаржыгерлер керек екенін алға тартып, қабылдамаған кездері де бар. Алайда, балдақпен жүрген мұғалім Бекболат Исабай еш мойыған емес.

Десе де, Шымкентте банк басшылығы әңгімелесу кезінде жас жігіттің өте дарынды екенін байқап қалады. Артынша Бекболатты жұмысқа алады.

Көп ұзамай, Бекболат Исабай шаңырақ көтереді. Ол кезде жас мамандардың айлығы да көп емес. Көп қазақтар секілді тойын кредитке өткізген.

Банкир

«Әр жетістікке жеткен ер адамның артында әйел тұрады» деген тәмсіл бар. Күйеуінің ерекше қабілетін білетін жары Дина Әлмұхамед оған Шымкенттің тарлық ететін айтып, шетелге кетуге үгіттейді. Бекболат Исабай отбасын, отанын қимай, өзге елге барудан бас тартады. Соңында Алматыға келуді ұйғарады.

Алматыға қарапайым маман болып келеді. Көп ұзамай бағдарламашы қаржыгер мамандығы бойынша да үздік дипломға қол жеткізеді. Дарынды жас-жігіттің еңбегін, ісіне беріктілігі мен қабілетін алматылық басшылары да жоғары бағалайды. Қысқа уақыт ішінде банктің департамент директорының орынбасары қызметіне дейін көтеріледі.

Кәсіпкер

Ауыр, қажырлылықты талап ететін жауапты қызмет атқару оңай ма? Арада жылдар өтіп, департамент директоры, банк басшылығына көтерілуге сыр бере бастаған денсаулығы кедергі жасайды. Жүрек ауру да мазалай бастайды.

Денсаулығын күту үшін қызметінен бас тартып, кәсіпкерлікпен айналысуды жөн көреді. «Алмаш қылыш қап түбінде жатпайды» деген сөз бекер айтылмаған. Бүгінде Бекболат Исабайға тиесілі оңтүстік астана – Алматыда дүкендер желісі жұмыс істеп тұр. Математика, бағдарламашы, ІТ мамандағы интернет саудасын ілгерілетуге септігі тисе, сүйікті кәсібі мұғалімдігі «білім орталықтарын» құрып, жеткіншектерге бағыт-бағдар беруге мұрындық болып отыр.

Кезінде балдақпен жүрген мұғалім Бекболат Исабай бүгінде жеке кәсіпкерге айналып отыр. Өмірге деген құштарлық оны осындай жетістіктерге жеткізді.

Мұның алдында Өстемір Жарқынбекұлының 14 жасында бухгалтер болып, кейін ақын-сазгерге айналғаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз