Мемлекет біртіндеп субсидиядан бас тартпақшы

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: shutterstock

Осы жылы «Бәйтерек» холдингі елдегі кәсіпкерлікті қолдауға, тұрғын үй құрылысын дамыту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін 8 трлн теңге бағыттамақшы. Бұл туралы үкімет отырысында холдингтің басқарма төрағасы Рүстем Қарағойшин айтты.

Аталған қаржы 2025 жылы елдегі ЖІӨ жеті пайызға ұлғайту деген үкімет жоспарын іске асыру үшін бөлінеді. Ал 2027 жылы соманы 10 трлн теңгеге дейін көбейтпекші.

«Бұл үшін жыл сайын холдингті 1 трлн теңге көлемінде капиталдандыру қажет. Бизнесті ынталандыру мақсатында қарыз алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесін 12,6%-ға теңестіру керек», – деді ол.

Осы бастаманың негізгі мақсаты:

  • Нарықты бұрмаламай, нақты сектор кәсіпорындарына әділ мөлшерлеме ұсыну, соның ішінде қаржыландыру ұйымдары арасындағы «каннибализм» (өнімдердің қайталануы, қолдау операторлары арасында жобалардың көшуі) және мөлшерлемелер бойынша «арбитраж» тәжірибесін тоқтату;
  • Ел субсидиялау тәжірибесінен біртіндеп бас тартып, бюджетке жүктемені азайту

Жалпы, бүгінгі таңда Холдингтің перспективалық жобаларының жалпы құны 25 трлн теңгеден асады, ал сұратылып отырған қаржыландыру сомасы 10 трлн теңгеге дейін жетеді.

Оның ішінде:

  • 8,4 трлн теңге – инвестициялық жобаларды қаржыландыруға арналған;
  • 1,6 трлн теңге – айналым капиталын қолдау бағдарламаларына бағытталған, оның 700 млрд теңгесі агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) аясында субсидияланатын мөлшерлемемен, ал қалғаны нарықтық мөлшерлемемен беріледі.

Жаңа бастамалар

Рүстем Қарағойшин жиын кезінде бизнесті ынталандыруға қатысты холдинг тарапынан ұсыныстарын да атап өтті. Алғашқысы – холдинг жанынан құны 7 млрд теңгеден асатын ірі бизнес жобаларына арналған арнайы кепілдік қорын құру. Бұл қор ірі және стратегиялық маңызды жобалар үшін кепілдік қамтамасыз ету жеткіліктілігі мәселесін шешудің тиімді құралына айналады.

«Кепілдіктер өңдеу өнеркәсібі секторларында ұсынылады. Кепілдіктердің қайтарып алынбауы банктердің қызығушылығын арттыруға бағытталған, ал кәсіпкерлер үшін кепілдіктердің ақылы болуы олардың жауапкершілігін күшейтеді»,- дейді ол.

Екіншісі – шағын және орта бизнеске арналған Кепілдік қоры іске қосылады.

Кепілдік қорының капиталы «Даму» қорының қатысуымен, екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) міндетті жылдық жарналары, сондай-ақ мемлекет, ірі компаниялар және басқа да мүдделі ұйымдардың қаражаты есебінен қалыптастырылады.

«Кепілдік қорының құрылуы қосымша қаржы көздерін тарту арқылы мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтады, бизнестің көбірек субъектілерін кепілдік түріндегі қолдау шараларымен қамтуға мүмкіндік береді және банктердің өтімді қаражатын экономикалық айналымға тиімді тартуға жағдай жасайды», – дейді Рүстем Қарағойшин.

Сондай-ақ оқыңыз