Путинға ашуланған Трамп Ресей мұнайына жаңа баж салығын салмақшы

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

АҚШ президенті Дональд Трамп NBC News арнасына берген сұхбатында Владимир Путинге ашулы екенін айтты. Егер Мәскеу Украинадағы соғысты тоқтатуға қатысты оның әрекеттеріне кедергі келтіретін болса, ресейлік мұнайды сатып алушыларға 25%-дан 50%-ға дейінгі мөлшерде қайталама баж салығын енгізбекші.

Трамп Путинге Украина Президенті Владимир Зеленскийдің беделін сынға алғаннан кейін ашуланған. Өткен аптада Ресей президенті бейбіт келіссөздерге дейін бұл елде БҰҰ басшылығымен уақытша үкімет құруды және Зеленскийді биліктен шеттете алатын президенттік сайлау өткізуді ұсынды.

«Егер Ресеймен Украинадағы қантөгісті тоқтату туралы келісімге келе алмасақ және мен бұған Ресейді кінәлі деп есептесем, Ресейден келетін мұнайдың барлығына қайталама баж салығын енгіземін», – деп мәлімдеді Трамп. Ол жаңа сауда шараларын бір ай ішінде енгізе алатынын айтты.

Кейінірек Трамп журналистерге Путинге көңілі қалғанын, бірақ онымен «өте жақсы қарым-қатынаста» екенін және «егер ол дұрыс әрекет етсе, ашу тез сейілетінін» атап өтті. Трамп осы аптада Путинмен сөйлесуді жоспарлап отыр. Бұл соңғы бірнеше айдағы олардың үшінші телефон әңгімесі болмақ.

Америка президенті Зеленский жайлы да ойын білдірді. Киев басшысы «сирек кездесетін металдар келісімінен бас тартуға тырысатынын» және «егер ол келісімді қайта қарағысы келсе, үлкен мәселеге тап болатынын» айтты. Сондай-ақ ол Украинаның ешқашан НАТО-ға мүше болмайтынын да мәлімдеді.

Бұл уақытта Украина атысты тоқтату туралы келісім күшіне енген соң сайлау өткізетіні белгілі болды. Зеленский екінші мерзімге сайлауға түседі. Ал атысты тоқтату туралы келісімге АҚШ 20 сәуірге дейін қол жеткізуді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыз