Қазақстандағы ең ірі мұнай-газ-химия жобасы: Атырауда полиэтилен зауытының құрылысы басталды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Фото: «ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметі

Атырау облысында полиэтилен өндіретін «Силлено» зауытының алғашқы қазығы қағылды. Бұл мұнай-газ-химия саласындағы ең ірі жоба болмақ деп хабарлайды «ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметі.

Жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін және инвестиция көлемі 7 млрд доллардан астам соманы құрайтын зауыт құрылысын 2028 жылы аяқтап, өндірісті 2029 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Зауыт өнеркәсіп салаларында қолданылатын 20-дан астам полиэтилен түрін шығаруға қауқарлы.

«Силлено» өнімдері елдегі полиэтилен импортының 90%-ын алмастыра алады, осылайша кәсіпорынның маңызы арта түспек. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2024 жылы Қазақстанның полиэтилен нарығы шамамен 300 мың тоннаға жетті. Ал сарапшылардың бағалауы бойынша 2035 жылға дейін бұл көрсеткіш 400 мың тоннаға дейін өсуі мүмкін. Қазақстандық тұтынушылардың полиэтиленге деген негізгі сұранысын «Силлено» қамтамасыз етуге дайын», – деп жазылған хабарламада.

Зауыттың құрылыс кезеңінде шамамен 8000 жұмыс орны, ал өндіріс басталғаннан кейін, 800 жұмыс орны ашылады.

Полиэтилен өндірісіне шикізат ретінде этан қолданылады. Ол «Теңізшевройл» компаниясының кен орындарынан алынған газдан ҚМГ жүзеге асыратын Газосепарациялық кешенде өңделеді. Одан әрі этан магистралды құбыр арқылы Силленоға жеткізілетін болады. Құбыр құрылысын ҚМГ жүргізеді.

Жобаны Силлено компаниясы жүзеге асырады, компания акционерлері — «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (40%), Sinopec Overseas Investment Holding (30%) және «СИБУР Холдинг» АҚ (30%). Зауыт Қазақстанның полиэтиленге деген ішкі сұранысын қамтамасыз ете отырып, өнімдерін ТМД елдеріне, Еуропа, Қытай және Түркияға жеткізуді жоспарлап отыр.

Болашақта Қытайдың тағы да ірі үш компаниясы Қазақстанның мұнай-газ саласына инвестиция салуды көздеп отыр. 

Сондай-ақ оқыңыз