ҚНРДА банк картасын шығару, пайдалануды барынша қатаңдатып жатыр

Енді 18-21 жас аралығындағы азаматтар төлем картасын онлайн ала алмайды, ал шетелдік азаматтардың карталарын бақылау күшейтілді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк нарығын реттеуге қатысты жаңа өзгерістер ұсынды.
Енді агенттік шетел азаматтарына карталар беруді қатаң қадағалайды. Заңсыз қаражат айналымына күдік туындаған жағдайда келесі шаралар енгізілмек:
- карталарды қашықтан немесе өкіл арқылы шығаруға (қайта шығаруға) тыйым салу;
- клиенттің паспорт суреті арқылы айына кемінде бір рет екі факторлы сәйкестендіруден өтуі;
- «бір төлем картасы – бір адамға» қағидасын енгізу;
- шетелдіктің ел аумағында заңды түрде болуын тексеруді күшейту;
- картаны шығарғаннан немесе қайта шығарғаннан кейінгі алғашқы үш айда кіріс және шығыс транзакцияларын бақылау.
Алғашқы үш айда картаны шығарған немесе қайта шығарған сәттен бастап транзакцияларға қатаң бақылау орнатылады.
Қаржы пирамидалары және дропперлермен байланысты карталарды анықтау
Жаңа өзгеріс бойынша, банктер енді қаржы пирамидалары және дропперлермен байланысты карталарды анықтауға міндетті болады. Ол үшін банктер «күмәнді» геолокация, IP-мекенжай, құрылғы нөмірі немесе жаңа бенефициар негізінде жеке тұлғалардың операцияларын бұғаттауға міндеттеледі. Егер төмендегідей алаяқтық белгілер анықталса, банк шара қабылдауға тиісті:
- бір ұялы байланыс нөмірі мен IP-мекенжайды бірнеше банк клиенттерінің пайдалануы;
- клиент үшін әдеттен тыс геолокация, IP-мекенжай немесе телефон идентификаторы;
- күмәнді уақыт пен операция жиілігі, жаңа бенефициар немесе төлем мақсаты, қаражаттың клиенттің күнделікті тәжірибесіне сай келмейтін көзі;
- бұған дейін күмәнді операцияларға қатысқан тұлғалармен кез келген қаржылық есеп айырысу.
18-ге толғандар картаны онлайн ала алмайды
Тағы бір өзгерістің бірі – 18 бен 21 жас аралығындағы қазақстандықтарға төлем карталарын онлайн шығаруға немесе қайта шығаруға тыйым салынады. Мұны тек банк бөлімшесінде ғана жасауға болады деп көрсетілген ҚНРДА қаулысының жобасында. Осы мақсатта күмәнді операцияларды анықтау және өңдеу барысында банктерге жасанды интеллектіні заң жүзінде қолдану міндеттеледі.
Сондай-ақ бірінші рет несие алғалы отырған адам банктер мен микроқаржы ұйымдарынан (МҚҰ) онлайн кредит ала алмайды. Ол үшін қаржы ұйымының кеңсесіне бару керек.