Ұлттық экономика министрлігі Қазақстандағы ақылы жолдардан 200 млрд теңге жинамақшы

Қазақстандағы ақылы жолдардан 48 млрд теңге жиналған. Келесі жылы бұл соманы 200 млрд теңгеге дейін жеткізбек. Үкімет отырысында Серік Жұманғарин осылай деді.
«Біз ақылы жолдардың бағасын көтеруд талап етеміз. Осы жылы ақылы жолдар 48 млрд теңгеден басталды. Яғни Қазақстанда салынған барлық жолдардан 48 млрд теңге жиналады. Қазір 78 млрд (жинаймыз – ред.), келесі жылдың наурызына дейін бұл цифраны 200 млрд теңгеге жеткізуді көздеп отырмыз. Жолдар оған жүргізілген қызметті, халықаралық қаржы ұйымдарынан келген қарызды ақтауы керек. Жол деген сондай сала, ол бірден міндетті деп саналады, мемлекеттік қарызға жүктеледі. Біз мұндай жағдаймен мемлекеттік қарыз көлемін көбейте алмаймыз», – дейді ұлттық экономика министрі.
Оның атап өтуінше, 2025 жылы мемлекеттік кепілдіктер 1,9 трлн теңгеге ұлғаяды, бұл құрылыс жұмыстарымен қамтуды 13,1 мың км автожолға және 585 км темір жолға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Еске салайық, осы жылы ақпаннан бастап тағы екі жолды ақылы етті. «ҚазАвтоЖол» мәліметінше, «Қостанай – РФ шекарасы (Троицке) және «Ақтөбе – РФ шекарасы (Орынборға) автожолдарының учаскелерінде жүргенде ақы төлеу керек. Ақылы учаскенің ұзындығы 163 шақырымды құрайды. ІІ және ІІІ техникалық санаттан тұрады.