Тоқаев Қазақстан-Словения бизнес кеңесін құруды ұсынды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Тоқаев Словения перзидентіне қандай ұсыныс айтты?/ Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Словения іскерлік-кеңесін құруды және мемлекетаралық комиссияның деңгейін жаңғыртуды ұсынды. Сондай-ақ елдер арасындағы туристік ынтымақтастықты дамыту маңызды деп санайды, алайда бұл үшін виза алу және тікелей әуе қатынасы мәселелерін біржолға қою қажет.

«Словения біз үшін Еуропадағы маңызды серіктесіміз және біз бұрын айтып кеткен аспектілер бойынша бар күшімізді салып жұмыс істейміз. Ынтымақтастықты арттыруға бағытталған бірнеше маңызды салаларды атап өттік. Сауда мен инвестициялар, атом энергетикасы, транзит пен логистика, жаңартылатын энергия көздері, денсаулық сақтау, цифрландыру және туризм – бұл бағыттар болашақтағы серіктестігіміз үшін үлкен маңызға ие болады. Мұнай мен газ да біздің ынтымақтастығымыздың басты саласы болып қалуы керек», – деді Мемлекет басшысы.

Президент кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында екі ел арасындағы бизнеске жағдай жасау мәселесіне де назар аударды.

«Біз Словенияның Қазақстандағы бизнесі үшін қолайлы жағдайлар жасауға және тұрақты ашықтықты, инвестициялық қорғауды және экономиканы әртараптандыруды қоса алғанда, өте маңызды жобаларды қолдануға міндеттіміз. Мен тұрақты негізде жұмыс істейтін бизнес-кеңес құруды ұсындым. Бұл болашақта жұмыс істеу үшін өте маңызды қадам болады. Мен мемлекетаралық комиссияның деңгейін жаңғыртуды ұсынғым келеді», – деді Тоқаев.

Тоқаев туризм саласына да тоқталды. Президент көптеген қазақстандықтар Словенияға баруға мүдделі екенін, алайда олар екі негізгі мәселеге тап болатынын атап өтті. Виза алу және тікелей әуе қатынасының болмауы қазақстандық туристер үшін үлкен кедергі екенін айтты.

 «Менің ойымша, екі Үкімет те қызығушылық танытып, осы мәселелерді  шешу жолдарын қарастыру қажет. Біз жаңа әуе жолдарын іске қосу бойынша нақты жоспарламыз бар. Менің ойымша, Любляна (Словения астанасы) сіздің еліңізге саяхаттау үшін өте тартымды орын болады», – деп атап өтті Тоқаев.

Өз кезегінде Словения басшысы Наташа Пирц-Мусар екі ел арасында туризм бойынша келісім барын атап өтті.

«Люблянада халықаралық рейстерді орнату және логистика мен маршруттарды жеңілдету өте маңызды – бұл елдердің осы бағыттағы байланысы мен өзара байланысына оң әсер етеді», – деді ол.

Бүгінде Словенияның Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестициясының көлемі 200 миллион долларға жуықтаған. Еліміздегі фармацевтика, машина жасау, телекоммуникация және жаңартылатын энергия көздері саласында Словения капиталының үлесі бар 19 компания кәсібін табысты жүргізіп келеді.

Айта кетейік, Словения Президенті Наташа Пирц-Мусар ресми сапармен келді. Қасым-Жомарт Тоқаев ел президентін Ақордада салтанатты түрде қарсы алды.

Сондай-ақ оқыңыз