Словенияның Luka Koper порты Транскаспий дәлізіне қосылады

Словенияның Luka Koper порты Транскаспий дәлізіне қосылады. Сондай-ақ Қазақстан су ресурстарын басқару ісінде Словения тарапының озық тәжірибесін зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын. Бұл жайында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Словения президенті Наташа Пирц-Мусардың қатысуымен өткен баспасөз брифингінде мәлім болды.
Алдымен екі ел басшылары кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Келіссөздер қорытындысы бойынша бірнеше маңызды құжаттарға қол қойылды.
Ресми делегация мүшелері төмендегідей құжаттарға қол қойды:
- Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Словения Республикасы Жоғары білім, ғылым және инновация министрлігі арасындағы білім және ғылым саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Словения Республикасы Экономика, туризм және спорт министрлігі арасындағы туризм саласы бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Словенияның Сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.
Словениямен қандай салалардағы жобаларлар жүзеге асады
Келіссөз барысында Президенттер екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды арттыруға келісті. Қазір Қазақстан мен Словения фармацевтика, жаңартылатын энергия, инженерия, телекоммуникация бағыттарында маңызды жобаларды жүзеге асырып жатыр. Тоқаев елімізде осы салаларда 20-ға жуық словен компаниясы табысты жұмыс істеп жатқанына тоқталды.

Кеңейтілген құрамнан кейін Президенттер журналистерге арналған баспасөз брифингіне қатысты.
Екі ел басшылары көлік-логистика саласындағы байланыс аясын кеңейту мәселесін талқыланғанын атап өтті. Мәселен, Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына Словенияның «Лука Копер» теңіз портын қатыстыру жөнінде ортақ пікірге келді. Өзара алыс-берістің көлемін арттыру үшін президенттер құзырлы органдарға нақты шаралар қабылдау туралы тапсырма берді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның су ресурстарын басқару ісінде словен тарапының озық тәжірибесін зерделеп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
«Білім, ғылым және мәдениет салаларындағы қарым-қатынасты жандандыруға мол мүмкіндік бар. Жалпы Словенияның білім беру жүйесі дүние жүзінде озық жүйе ретінде мойындалған. Сондықтан біз екі ел университеттері арасында байланыс орнатуға мүдделіміз. Словенияның Йожеф Стефан институты Назарбаев университетімен байланыс орнатуға қызығушылық танытып отыр. Қазақстан Словенияның жоғары оқу орындарымен және зерттеу орталықтарымен ынтымақтастықты нығайтуға дайын», – деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Словения президентімен келіссөз барысында Тоқаев екі елдің іскерлік-кеңесін құруды және мемлекетаралық комиссияның деңгейін жаңғыртуды ұсынған болатын. Сондай-ақ елдер арасындағы туристік ынтымақтастықты дамыту маңызды деп санайды.