Сот мемлекеттік тумен фотоға түскен ниқабтағы төртінші қызға қатысты шешім шығарды

Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты мемлекеттік ту төңірегіндегі іске қатысты бар төртінші жасөспірімге шешім шығарды. Оған қатысты іс әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің ұсақ бұзақылық бабы бойынша қаралған деп хабарлайды KursivMedia.
Сотта 2025 жылдың 23 наурызында кәмелетке толмаған А. басқа үш құқық бұзушымен бірге Атырау қаласындағы мұз айдыны ғимаратында араб тіліндегі жазуы бар Қазақстан туымен суретке түсіп, оны әлеуметтік желі арқылы таратып, ұсақ бұзақылық жасағаны анықталды.
Ұсақ бұзақылық бабы бойынша 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу не 5-тен 15 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза қарастырылған.
Сот қаулысымен кәмелетке толмаған А.-ның заңды өкіліне әкімшілік жаза ретінде 39 320 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін фотодағы үш қызға сот шешімі шыққан.
Ал бастапқыда төрт қыздың әрекетіне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны айтылды.