Қыз зорлағаны үшін сотталған Күштібаевтың әйеліне қатысты тергеу жүріп жатыр

Қыз зорлағаны үшін 11 жылға сотталған Талдықорған полициясының бұрынғы бастығы Марат Күштібаевтың әйеліне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің KursivMedia ресми сауалына берген жауабында айтылған.
Әйел күйеуі Күштібаевқа қатысты істе жәбірленушіні жалған айғақ беруі үшін пара беріп сатып алмақ болған деген күдікке ілінген.
«Талдықорған қаласының полиция басқармасының бұрынғы бастығы Күштібаевтың жұбайына қатысты сотқа дейінгі тергеп тексеру жүргізіліп жатыр», – делінген ресми жауапта.
Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.
Марат Күштібаевқа қатысты қылмыстық іс
2023 жылы 13 қарашада Талдықорған қалалық полиция басшысы Марат Күштібаев 27 жастағы облыс орталығының тұрғынын зорлады деген күдікпен қамауға алынған.
2024 жылдың сәуірінде ол қызметтік міндеттерін орындау кезінде адам зорлағаны үшін кінәлі деп танылып, 11 жылға сотталды.
Сот Күштібаевты «полиция полковнигі» шені мен атағынан айырды. Ол жазасын орташа қауіпсіздік колониясында өтейді.