Атырау МӨЗ үлесін сату мәселесі қарастырылып жатқан жоқ – Энергетика министрлігі

Атырау мұнай өңдеу зауыты үлесін Ресейдің «Татнефть» компаниясына сату мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Мұны Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Министрліктің ақпаратына сәйкес, «Татнефть» ЖАҚ өкілдері Атырау мұнай өңдеу зауытымен өндірістік тәжірибе алмасу аясында өзара іс-қимыл жасаған.
«Мұнай өңдеу саласындағы және басқа да компаниялар арасындағы тәжірибе алмасу – МӨЗ өндірістік көрсеткіштерін жақсарту үшін стандартты әрі кең таралған үдеріс.
Қазір Атырау МӨЗ-дегі үлесті сату мәселесі қарастырылып жатқан жоқ», – делінген ақпаратта.
Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мұнай өңдеу зауытының үлесі жеке қолға, мәселен Ресейдің «Татнефть» компаниясына өтуі мүмкін екенін растады.
ҚМГ-ның хабарлауынша, Павлодар және Атырау мұнай өңдеу зауыттарының үлесін жекешелендіру – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ұсынысы. Ұлттық компания жекешелендіру ісі бірнеше жылға созылуы мүмкін екенін ескертті.
Сонымен қатар ҚМГ мәліметінен мұнай өңдеу зауыттарының бірінің үлесі Ресейдің «Татнефть» компаниясына өтуі мүмкін екені белгілі болған.