Шерзат Полат ісіне қатысты сот процесі ашық режимде өтеді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Шерзат Полат
Шерзат Полаттың ісі ашық режимде қаралады/ коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы облысында қаза тапқан жасөспірім Шерзат Полаттың қазасына қатысты сот процесі ашық режимде өтеді. Бұл туралы KursivMedia тілшісіне Алматы облысы сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Ол (соттың онлайн көрсетілетіні – ред.) туралы менде қазір нақты ақпарат жоқ, бірақ сот ашық режимде өтеді. Істі Алматы облысы сотының судьясы қарайды, судьяның аты-жөні тек іске қатысы бар тараптарға ғана айтылады», – деді соттың баспасөз хатшысы.

Айта кетейік, бұған дейін марқұмның отбасының адвокаты Мейірман Шекеев іс бойынша алдын ала сот тыңдауы 10 сәуірде өтетінін мәлімдеді.

«Алдын ала сот тыңдауы Талдықорған қаласында қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта 2025 жылдың 10 сәуірінде өтеді. Біз де не себепті бұл сотта өтетінін сұрадық. Мұны күдіктілердің көбі Талдықорғандағы изоляторда отырғанына байланысты деп түсіндірді. Келесі сот отырысының қайда өтетіні әлі белгісіз», – деді Мейірман Шекеев.

Жетісу облысы сотының баспасөз қызметі KursivMedia тілшісіне істі қарауға Алматы облысы соты жауапты екенін, жергілікті сот тек ғимарат ұсынатынын айтты.

Шерзат Полат қазасы

2024 жылы 4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар ауданында 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапты. Сол оқиғадан кейін 11 адам қамауға алынды. 

2025 жылдың ақпанында әлеуметтік желіде Шерзат Полаттың өліміне қатысы бар күдіктілердің туған күнін тойлап жатқаны көрсетілген видео тарады. Содан кейін полиция «Құқық қорғау қызметі туралы» заңы негізінде қызметтік тергеу жүргізген.

Нәтижесінде мұндай әрекетке жол берген кінәлі тұлға анықталып, ішкі істер органдарынан шығарылған.

Желіде тараған видеоға сәйкес, қылмыстық іс бойынша қамауға алынғандар бір камерада отырған. Алматы облысы полиция департаменті күдіктілердің бөлек камераларға орналастырылғанын, оларға заңға сәйкес тиісті шара қабылданғанын мәлімдеді. Алайда қандай шара екенін нақтыламады

Сондай-ақ оқыңыз