Шет мемлекет басшылары Ораза айт мейрамына орай Тоқаевқа жеделхат жолдады

Жарияланды (жаңартылды )
General News бөлімінің тілшісі
Мешіт
Шет мемлекет басшылары Тоқаевты Ораза айт мейрамымен құттықтады/фото: kursiv.media

Шет мемлекет басшылары мен халықаралық ұйым жетекшілері Қасым-Жомарт Тоқаевты Ораза айт мейрамымен құттықтап, жеделхат жолдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев құттықтауында Ораза айт тұтас мұсылман әлеміне ерекше көңіл-күй сыйлайтынын жазып, Алматыдағы бейресми кездесуге жоғары баға берген.

«Әсем қала Алматыда өткен кездесу біздің мәңгі достық, тату көршілік, стратегиялық серіктестік және одақтастық рухындағы байланыстарымызды тереңдете түседі деп сенемін», – деген Өзбекстан президенті.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ораза айт мерекесі барша мұсылманға шаттық сыйлап, елдеріміздің ырыс-ынтымағын арттыра берсін деп жылы лебізін жеткізді.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қасиетті мерекенің құндылығы екі ел арасындағы достық пен көпжақты ынтымақтасты дамытуға септігін тигізетініне сенімді екенін атап өткен.

Түрікменстан басшысы Сердар Бердімұхамедов пен Түрікменстан халк маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов те ізгі тілегін жолдаған.

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған адамзатқа тыныштық пен бейбітшілік әкеледі деп үміттенетін қасиетті мейрамда бауырлас халықтардың ынтымағы мен бірлігі нығая беруіне тілектестік білдірді.

Сонымен қатар мемлекет басшысын БАӘ президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, БАӘ вице-президенті, премьер-министрі, Дубай билеушісі Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, БАӘ вице-президенті, премьер-министрдің орынбасары Мансур бен Заид Әл Нахаян, Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейн, Кувейт Әмірі шейх Мишааль әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабах құттықтады.

Бұл қатарда Кувейттің тақ мұрагері Сабах Халид әл-Хамад Ас-Сабах, Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Мысыр президенті Әбдел Фаттах Ас-Сиси, Палестина президенті Махмуд Аббас, Сомали президенті Хасан Шейх Мохамуд, Сингапур премьер-министрі Лоуренс Вонг, Ливия президенттік кеңесінің төрағасы Мұхаммед Юнус әл-Манфи, Эфиопия премьер-министрі Абий Ахмед, Татарстан Раисы Рустам Минниханов, Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Хиссейн Брахим Таха, ОПЕК бас хатшысы Хайсам әл-Гаис, ИСЕСКО бас директоры Салим бен Мұхаммед әл-Малик те бар.

Сондай-ақ оқыңыз