Илон Маск Жоғарғы соттағы орын үшін миллиондаған доллар шашты

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Илон Маск Жоғарғы сот судьясы қызметіне үміткерді қолдау науқанына ірімшік киіп шықты / фото: REUTERS/Vincent Alban

Дональд Трамптың Ақ үйге оралуына көмектескен Илон Маск енді судья қызметі үшін таласқа да миллиондаған доллар төгіп жатыр.

Жоғарғы соттың Висконсин штатына берілген орын үшін талас – АҚШ тарихында судья қызметі үшін ең қымбат тартысқа айналды. Bloomberg мәліметінше, консерваторлар мен демократтар саяси науқанға жалпы көлемі 82 млн доллар жұмсап үлгерген.

Әлемнің ең бай адамы Маск Висконсиндегі саяси бәсекеде консерватор Бред Шимельді қолдайды. Миллиардердің пікірінше, осы сайлау АҚШ-тың ғана емес, бүкіл батыс өркениетінің болашағын анықтайды. Демократтар болса Сьюзан Кроуфордты қолдап отыр.

Маск жеңіске жету үшін екі сайлаушыға 1 млн доллардың чегін таратып үлгерді. Тағы бір азамат петицияға қол қойғаны үшін 1 млн доллар алды. Миллиардер басқа да сайлаушының әрқайсына 20 доллардан төлеуге уәде беріп отыр.

Илон Маск 2024 жылғы президент сайлауында Дональд Трампты қолдауға шамамен 250 млн доллар шашқан. Трамп жеңіске жеткеннен кейін, Масктің дәулеті 400 млрд доллардан асып, әлемде осындай межені еңсерген алғашқы адам атанған.

Сондай-ақ оқыңыз