Аймағамбетов кенжелеп жатқан анимация саласына қатысты ұсыныс білдірді

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәжілістегі комитет қазақ тіліндегі мультфильмдерге 300 млн теңге бөлінуіне қол жеткізгенін айтып, саладағы өзекті мәселелерді атады.
Оның айтуынша, жақында Комитеттің «Казмедиаорталығына» жасаған арнайы сапары барысында депутаттар анимация өндірісінің барысымен танысып, авторлармен тікелей пікір алмасқан. Нақты ұсыныстар мен талаптар жеткізілген.
«YouTube – балалардың негізгі алаңы»
Депутат бүгінде YouTube-та қазақ тіліндегі қызықты, заманауи мультфильмдер өте аз екеніне назар аударды.
«Қазақ тіліндегі сапалы, балаларға тартымды мультфильмдер YouTube-та қолжетімді болуы қажет. Жас ерекшеліктеріне сай плейлисттер мен сериялар құрылуы керек» – дейді ол.
Сондай-ақ кей мультфильмдерде кейіпкерлер канцеляризммен, жасанды тілмен сөйлейтінін атап өтіп, туындыларда қарапайым, шынайы, тірі қазақ тілі қолданылуы тиістігін жеткізді.
Бәсекелестік пен ашықтық
Депутат аниматорлар мен студиялар ашық конкурс арқылы таңдалуы тиістігін айтып, бағалау кезінде мамандар мен қоғам өкілдерін қатыстыру керектігін атап өтті.
«Мультфильм – нақты мақсатпен жасалуы керек»
Депутат әр мультфильм нақты мәселені шешіп, балаға нақты дағды немесе құндылық беруге тиіс деп санайды.
«Нақты миссиясы мен мазмұны бар өнім болуы маңызды. Мысалы: «Қызықты ғылым әлемі», «Киберәлемде қауіпсіздік», «Достық пен Табиғат», «Батырдың ертегілері», «Эмоц. интеллект», «Мен кім боламын?», «Қазақстанның өңірлері» сияқты нақты мазмұнды бағыттар ұсынылуы мүмкін» – дейді ол.
Асхат Аймағамбетов ұсыныстарды Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолдағанын жеткізді.
Бүгінде Қазақфильм киностудиясының жанындағы аниматорлар шығармашылық бірлестікті Алматыдан Астанаға көшіруге қарсы болып жүр. Мәдениет вице-министрі бірлестікті көшірудің үш себебін атаған.