Мүфтият биткоинды пайдалануды харам деп таныды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Мүфтият биткоинды пайдалануды харам деп таныды
Мүфтият биткоинды пайдалануды харам деп таныды/Фото: ҚМДБ сайты

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Биткоин» криптовалютасын пайдалану шариғат талаптарына қайшы деп тапты.

Мүфтият биткоин криптовалютасы шариғатқа қайшы екеніне бірнеше дәлел келдіреді.

Біріншіден, шариғат бойынша қандай да бір ақша негізге алынуы үшін мемлекет тарапынан шығарылуы керектігі, әрі оның кепілдігі мен қорғауында болуы шарт екені айтылған.

«Биткоин ешбір ұлттық валютаның сипатына келмейді. Өйткені ол мемлекеттік органдардың кепілдігімен әрі қаржылық заңдармен қорғалмаған. Нақты активтері жоқ, орталықтандырылмаған виртуальды ақша. Кез келген сәтте оның нарығы күрт өсуі немесе түсуі мүмкін. Бұдан адамдар зиян шегеді. Сондықтан бұл валютамен шұғылдану адамның мал-дүниесін арам жолмен жеуге әрі оның құқықтарын жоюға алып барады» делінген ҚМДБ түсіндірмесінде.

Діни басқарма сондай-ақ сауда-саттық дұрыс болуы үшін сатушы мен сатып алушысы және ақша мен тауар белгілі болуы шарт екенін атап өтеді.

Алайда биткоинда барлық жағынан белгісіздік бар. Өйткені ол шифрлау принциптеріне сүйенеді әрі іс барысында адамның деректері туралы ақпарат болмайды.

«Биткоинның процесстері көбіне жасырын жүзеге асады. Бұл өз кезегінде шариғат тыйым салған алдауға, алаяқтыққа соқтырады. Алла Тағала Құранда былай дейді:

«Уа, иман келтіргендер! Бір-біріңнің мал-дүниелеріңді арам жолмен жемеңдер. Ал өзара келісіп, ризашылықпен жасаған сауда-саттықтың жөні бөлек»» дейді Ғұламалар кеңесі.

    ҚМДМ үшінші дәлел ретінде сауда-саттықта зиянға жол берілмейтінін айтады. Өйткені биткоин валюта немесе тауар ретінде жауапты тараптардың бақылауынан тыс қалады.

    «Бұл елдің ішкі экономикасына кері әсерін беріп, қоғамның тұрақсыздануына алып баруы мүмкін. Өйткені ол арқылы тыйым салынған сауданың таралуы, ақшаның жымқырылуы, деструктивті топтардың қаражат аударымдары орын алуы ықтимал. Ал зиянның алдын алу керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

    «Өзіне де, өзгеге де зиян тигізуге болмайды»[6], – деген.

    Осыған орай, биткоин криптавалютаны ақша деп негізге алатындай ешқандай ұлттық валюталардың сипаттары мен шарттары жоқ. Оған қоса бұл валютада (ғиш) алаяқтық, белгісіздік, мемлекет пен жеке тұлғаларға зиян тигізу қаупі бар. Сондықтан бұған тыйым салынады» делінеді кеңес түсіндірмесінде.

    Осылайша, Мысыр елінің пәтуа комитеті және Еуразия мұсылмандарының пәтуа шығару кеңесі биткоинға тыйым салады.

    «Биткоин» криптовалютасы белгісіздік, алаяқтық және жеке тұлғалар мен мемлекетке зиян келтіретіндіктен шариғат бойынша пайдалануға тыйым салынады» делінген мүфтият үкімінде.

    Биткин шынымен де тұрақсыз криптовалюта. Жуырда ғана Америка биржасы инвестициялық қорының биткоины – Bitcoin ETF бір айдан аса уақыттан бері 5,5 млрд доллардан айырылған.

    Сондай-ақ оқыңыз