Бес қаланы аралататын Jibek Joly пойызы кезекті сапарға аттанады

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Бес қаланы аралататын Jibek Joly пойызы кезекті сапарға аттанады
Бес қаланы аралататын Jibek Joly пойызы кезекті сапарға аттанады/Фото: Туризм және спорт министрлігі

30 сәуір мен 7 мамыр аралығында Алматы – Түркістан – Бұхара – Самарқан – Ташкент – Алматы бағыты бойынша Jibek Joly 4.0 халықаралық туристік туры ұйымдастырылады.

Бағдарлама Ұлы Жібек жолының бойындағы Қазақстан мен Өзбекстан қалаларын қамтиды. Бұл жолы сапардың бағдары кеңейтіліп, Орталық Азияның ең көне қалаларының бірі – Бұхара тізімге енгізілген.

Туризм индустриясы комитетінің мәліметінше, сегіз күндік саяхатта туристер Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Отырар қалашығын, Бұхарадағы Арк бекінісі мен Ляби-Хауыз алаңын, Самарқандағы Әмір Темір кесенесі мен Регистан алаңын, Ташкенттегі Төле би кесенесі мен Хазрет Имам мемориалдық кешенін, сондай-ақ Тараздағы Айша бибі мен Қарахан кесенелерін тамашалайды.

«Пойыз жолаушыларға ыңғайлы саяхат жасау үшін барлық қажетті жағдайлармен жабдықталған: купе орындары, бағдарламаға сәйкес тамақтану, трансфер және кәсіби гидтердің қызметі қарастырылған. Сондай-ақ барлық экскурсиялық нысанға кіру билеті тур бағасына кіреді»,– делінген комитет хабарламасында.

Комитет Jibek Joly жобасы іске қосылған сәттен бастап Қазақстан мен өңірлердің тарихи-мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған танымал брендке айналғанын атап өтті. Биылғы тур аясында бағдарлама жаңа нысандармен толықтырылып, экскурсиялар кеңейтілді, сондай-ақ интерактивті форматтар енгізілген.

Бұған дейін Jibek Joly туристік пойыз Наурыз мейрамында жолға шыққан.

Jibek Joly туристік маршруты Түркістан, Ташкент, Самарқан, Шымкент секілді 4 қаладан тұрған кезде бағасы бір кісіге 190 мың теңге болатын. Оған жол ақысы, екі мезгіл тамақ, гид қызметі, баратын орындардың кіру құны кіреді.

Сондай-ақ оқыңыз