LRT-ның 29 қызметкері Қытайға оқуға жіберіледі

LRT-ның 29 қызметкері практикалық сабақтар мен тағылымдамадан өту үшін Қытайға жіберіледі. Бұл туралы City Transportation Systems компаниясы хабарлады.
Қытайдағы оқу бағдарламаның екінші модулі. Жеңіл рельсті трамвай желісінің қызметкерлері бұған дейін оқыту модулінің алғашқы кезеңін Астанада өткен. Бірінші кезеңде қатысушылар теориялық білім алып, тест тапсырған.
Ал Қытайдағы оқу бағдарламасы 2025 жылғы 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Бағдарламаны Қазақстаннан Астана Қытай тарапынан Тяньцзинь қаласы ұйымдастырады.
«Бағдарламаның мақсаты – LRT жүйелерін пайдалану, техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша мамандар даярлау. Сабақтарды Тяньцзинь метрополитені мен Чжэнчжоу теміржол кәсіптік-техникалық университетінің сарапшылары жүргізеді», – делінген ақпараттық хабарламада.
2024 жылғы қарашадан 2025 жылғы қаңтарға дейін бағдарламаға қатысуға 140 өтінім беріліп, оның ішінде 29 үміткер іріктелген. Білім алушылардың орташа жасы – 33.
Бағдарлама қалалық теміржол көлігінің негіздерін, оның жүйелерінің негізгі компоненттерін және төтенше жағдайлар кезіндегі әрекет алгоритмдерін оқып-үйренуді қамтиды.
Оқыту LRT құрылысын жүзеге асыруға арналған EPC келісімшарты шеңберінде жүргізіледі әрі оны мердігер «China Railway Asia-Europe Construction Investment» компаниясы жүзеге асырады.
Бұған дейін City Transportation Systems компаниясы LRT вагондары қандай болатынын көрсеткен.