Өзге жанға өмір сыйлаған. Скутерден құлап донор атанған марқұм бозбаланың оқиғасы

Жарияланды (жаңартылды )
General news бөлімінің тілшісі
Скутерден құлап донор атанған марқұм бозбаланың оқиғасы
Скутерден құлап донор атанған марқұм бозбаланың оқиғасы/Фото: Видео кадры

Kursiv.media youtube арнасында ағза донорлығы туралы эмоционалдық тұрғыда ауыр фильм жарық көрді. 

Алғашқы сұхбат

Фильмнің ауыр болатыны донор болған адамның өзі өмірде жоқ. Марқұмның ата-анасы ұлдарының өмірі аппарат көмегімен ғана жалғанып тұрған шақта адамдарды аман алып қалу үшін баласының дене мүшелерін мұқтаж жандарға беру туралы күрделі шешімге келген. Бұл шешім үшін оларды айналасы түгелдей сөкті, айыптады, теріс айналды. Тек өздері ғана қабылдаған шешіміне өкінген емес. Бақилық болған ұлдары да бұған келісер еді деп сенеді. Бұл Евгения мен Игорь Войнюштың алғашқы сұхбаты.

Жағдайдың мән-жайы

Былтыр жазда Шымкент қаласында 18 жастағы Максим Войнюш скутермен апатқа түсіп, дәрігерлер бозбаланың өмірі үшін 9 күн арпалысты. Уайым жесе де, үмітін үзбеген ата-анаға дәрігер қиын болса да шындықты айтты. Максимнің миы тіршілігін тоқтатқан, ал жүрегінің соғуын тоқтатуына санаулы күндер ғана қалған. Осы кезде дәрігерлер азалы отбасыға ұлдарының сау дене мүшелерін мұқтаж адамдарға беруді ұсынады. Оларда ойнануға бір-ақ түн болды. Ойлана келе, келіседі. Осылайша, Максимнің жүрегі, өкпесі, бүйрегі мен бауыры алынды. Алайда жарақат кезінде өкпесіне зақым келіп,жарамай қалған.

Жұрттың табалауы

Онсыз да қиналған отбасы бұл шешімі үшін бастапқыда қоғам тарапынан үлкен қысымға ұшыраған. Көршілері араласпай кеткен. Әлеуметтік желіде небір ауыр сөздер айтылған. Баласының ағзасын сатып, пайдаға кенелді дегендер де болған. Әрине қолдап, қайғысын ортақтасқандар да аз емес.

Максимнің әке-шешесі дәрігерлердің бәрін біліксіз, жемқор деп айыптайтындармен келіспейді. Олар 9 күн бойы ақ халатты жандардың ұлдарының өмірі үшін барын салғанына куә.

Маман пікірі

Фильм барысында ҚР ДСМ транспланттауды үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директоры Айдар Ситқазиновтың ағза донорлығы туралы пікірі беріледі.

Ол ағза донорлығына Қазақстан қоғамы бірнеше себепке байланысты келісе бермейтінін айтады.

1. Адамдар көп жағдайда жақындары жазылып кететіндей үмітін үзбей күтеді. Сол үшін де жақынын донорлыққа қимайды.

2. Адам «дүниеге он екі мүшесімен қалай келсе, солай өту керек» деген менталитеттегі ерекшелікке байланысты да келісе бермейтіндер көп. 

3. Діни фактор. Ғалым дінде ағаза донорлығына тікелей тыйым жоқ екенін, тек науқасқа зиянын тигізбеу жағы айтылатынын жеткізді.

4. Адамдар жүйеге сенбейді. Жақындарының ағзасы расымен мұхтаж жанға салына ма, әлде сатып жібере ме деп күмәнданады.

Қазақстандағы ағза донорлығы

Қазақстанда 2020 жылдан бері ағза донорлығы марқұмның туыстарының келісімімен ғана жүзеге асырылады. Донордың өзі көзі тірісінде ағзасын беруге келіссе де, бақилық болғаннан кейін туыстары бас тарта алады.

Максимнің ата-анасы бұл тәртіпті дұрыс деп санайды.

«Егер баламыздың органдарын біздің келісімімізсіз алса, біз оның қалай, қайда пайдаланғанына күмәнмен қарар едік. Қалай дегенмен, келісімді алған дұрыс деп санаймыз», – дейді олар.

Жаңа тәндегі жүрек соғысы

Фильмнің соңында Максимнің әке-шешесі ұлдарының жүрегі салынған адаммен кездеседі. Танысып, дидарласып болған соң, бөтен адамның кеудесінде дүрсілдеп соғып тұрған ұлдарының жүрегін тыйдайды. Тыңдайды да көз жасына ерік береді.

Сондай-ақ оқыңыз