Атырауда мемлекеттік туды қорлаған қыздарға «ұсақ бұзақылық» бойынша айыппұл салынды

Атырау қаласында елдің қызу талқысына түскен оқиға бойынша сот үкімі шықты. Мемлекеттік туға арабша жазу жапсырып, сұқ саусағын көтеріп суретке түскен төрт қыздың әрекеті қоғамда үлкен наразылық тудырған еді. Қыздар қара ниқаб киіп, араб жазуы бар Қазақстан туының алдында суретке түсіп, кейін оны әлеуметтік желіге жүктеген.
Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты олардың әрекетін «ұсақ бұзақылық» деп таныды.
Сот шешімі бойынша:
- Бір қыз 15 тәулікке қамалды. Оның жазасын ауырлатқан жағдай – әрекетті топпен жасауы және кәмелетке толмағанды іске тартуы.
- Екінші қызға 78 640 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
- Үшінші, кәмелетке толмаған қыздың ата-анасына 39 320 теңге айыппұл жазылды.
- Ал төртінші қызға қатысты қандай жаза қолданылғаны әзірге белгісіз.
Соттың түсіндіруінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, мұндай әрекет үшін 20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Атырау полициясы қыздарға әкімшілік емес, мемлекеттік рәміздерді қорлау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған деп жариялаған еді.