Мектептерде бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталды
Жарияланды

Елімізде бірінші сыныпқа өтініш қабылдау 1 сәуірде басталды. Бұл науқан ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың 31 тамызына дейін жалғасады.
ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес, мектеп табалдырығын аттайтын балалар ата-анасының өтініші бойынша 6 жастан бастап қабылданады. Құжаттарды үш жолмен тапсыруға болады: электронды түрде — egov.kz порталы арқылы, жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелері арқылы немесе дәстүрлі қағаз нұсқасында.
Қазақстан азаматтары үшін қажетті құжаттар тізімі:
- Ата-ананың немесе заңды өкілінің өтініші;
- №065-у үлгісіндегі денсаулық жағдайы туралы анықтама және №052-2/у үлгісіндегі баланың денсаулық паспорты;
- 3х4 см көлеміндегі екі дана фотосурет.
Шетел азаматтары үшін:
Баланың ата-анасы немесе басқа заңды өкілдері Қазақстанда уақытша не тұрақты тұруы тиіс. Сонымен қатар тұрақты тұру құқығы мен тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеу туралы құжаттарды ұсынуы қажет.