Израиль басшысы Нетаньяхудің кеңесшілері қамауға алынды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Израиль басшысы Нетаньяхудің кеңесшілері қамауға алынды / фото: архив курсив

Соңғы күндері Израильде премьер-министр Биньямин Нетаньяхудың айналасындағы даулы оқиғалар елдің саяси сахнасын шайқап жатыр. «Катаргейт» деп аталып кеткен іс барысында 31 наурыз күні премьер-министр Иерусалимдегі кеңсесінде ауыр қылмыстарды тергеу бөліміне куәгер ретінде шақырылды.

Катаргейт жанжалы Нетаньяхудың бұрынғы істерімен салыстырғанда әлдеқайда күрделі әрі саяси тұрғыдан қауіпті. Тергеу барысында премьер-министрдің негізгі екі кеңесшісі — Джонатан Урих пен Эли Фельдштейн тұтқындалды.

Премьер-министрдің өзі әзірге күдікті емес, тек куәгер ретінде жауап берді. Алайда оның берген жауабы Бас прокуратура тарапынан мұқият зерттелмек. Егер жаңа деректер табылса, Нетаньяхудың істегі мәртебесі өзгеруі мүмкін.

Саяси қудалау ма, әлде нақты қауіп пе?

Катаргейт тергеуі басталғалы бері үкімет тарапынан бірқатар даулы шешімдер қабылданды. 21 наурызда Нетаньяху елдің ішкі қауіпсіздік қызметі — Шин-Бет басшысы Ронен Барды қызметінен босатты. Бұл қадамды Израиль Жоғарғы соты заңсыз деп танып, шешімді тоқтату туралы бұйрық шығарған болатын. Дегенмен Нетаньяху бірнеше күннен кейін-ақ жаңа басшының есімін жариялап үлгерді.

Ронен Бардың жақтастары оның қызметінен кетуін саяси қысым деп бағалайды. Себебі дәл осы Шин-Бет Катаргейт ісін тергеп жатқан негізгі құрылым. Сонымен қатар Бас прокурор Гали Бахарав-Миара да қысымға ұшырап отыр. 23 наурызда Израиль министрлер кабинеті оған сенімсіздік вотумын білдіріп, оны қызметінен шеттету процедурасын бастады. Бұл шешім де Катаргейт ісімен тікелей байланысты. Себебі Бас прокурор ақпан айында Шин-Бет пен полицияға бұл жанжал бойынша ресми тергеу жүргізуге бұйрық берген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз